Қазақстандықтар Отбасы банкінің жұмысының уақытша тоқтауына байланысты қиындықтарға тап болды. Клиенттер несие төлемдерін жүргізе алмай отырғандарын айтып шағымдануда, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Пайдаланушылардан шағымдар 1 қаңтардан бастап түсе бастаған. Клиенттердің айтуынша, бастапқыда сервис мүлдем ашылмаған, кейін техникалық жұмыстар жүргізіліп жатқаны туралы хабарлама шыққан.
6 қаңтардағы жағдай бойынша Отбасы банкінің мобильді қосымшасы, “Баспана маркет” және enpf-otbasy.kz сайттары әлі де жұмыс істемейді.
Отбасы банк қашан іске қосылады?
Банктің баспасөз қызметі уақытша шектеулер деректерді өңдеу орталығын (ДӨО) Астана қаласына көшірумен байланысты екенін түсіндірді.
Банк өкілдерінің мәліметінше, 2025 жылғы 31 желтоқсан мен 2026 жылғы 2 қаңтар аралығында қаржы жылын жабу жұмыстары жүргізілген. Ал 3 қаңтарда негізгі техникалық операция басталған.
“Сағат 03:00-де негізгі деректерді өңдеу орталығының есептеу қуаттарын Астанаға көшіру бойынша жоспарлы жұмыстар басталды. Бұл процесс тоқтап қалуды азайту үшін демалыс күндеріне жоспарланған”, – деп хабарлады банк.
Сондай-ақ банк шығындарды оңтайландыру мақсатында сыртқы мердігерлерді тартпай, жабдықтарды өз күшімен тасымалдағанын атап өтті. Суық ауа райына байланысты серверлерді жеткізгеннен кейін белгілі бір температураға дейін жылытып, содан соң ғана орнату және тестілеу жұмыстары жүргізілген.
“Монтаждау және іске қосу әр жүйе бойынша кезең-кезеңімен, қосылымның дұрыстығы, жұмыс тұрақтылығы және деректердің сақталуын тексере отырып атқарылды”, – делінген ресми жауапта.
Алғашында жүйелерді 5 қаңтар күні сағат 09:00-де іске қосу жоспарланған. Алайда техникалық қиындықтарға байланысты мерзім кейінге шегерілген. Қазіргі таңда жүйелердің нақты қашан толық жұмыс істейтіні белгісіз.
Ресми мәліметке сәйкес, 5 қаңтар күні сағат 15:00-ге қарай Colvir жүйесі, төлем шлюздері, CRM және 300 нөмірлі байланыс орталығы іске қосылған. Қазір цифрлық арналарды кезең-кезеңімен қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр.
“Жақын уақытта барлық маңызды ақпараттық жүйелерді толық қалпына келтіріп, банктің штаттық режимде жұмыс істеуі қамтамасыз етіледі. Деректердің жоғалуы немесе ақпараттық ресурстардың бұзылуы тіркелген жоқ”, – деп сендірді банк өкілдері.
Клиенттер несиелерін қалай төлейді?
Қарыз алушыларды алаңдатқан басты мәселе – мереке күндері төлем жасай алмағаны үшін өсімпұл есептеле ме деген сұрақ. Банк бұл ретте клиенттерді тыныштандырды.
Отбасы банкінің мәліметінше, төлем мерзімі 2026 жылғы 1–6 қаңтар аралығына түскен клиенттер несиені 7 қаңтар күні сағат 20:00-ге дейін ешқандай салдарсыз төлей алады.
“Бұл мерзім кешіктірілген қарыз ретінде есептелмейді, өсімпұл салынбайды және кредиттік бюроға берілмейді”, – деп мәлімдеді банк.
Айта кетейік, 5 қаңтар күні қазақстандықтар бірнеше байланыс операторының мобильді интернетінде, сондай-ақ банк қосымшаларында жаппай ақаулар болғанын хабарлаған еді. Ал Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі бұл іркілістер жүйелік сипатта болмағанын, олардың базалық станцияларға түсетін жүктеменің артуымен байланысты болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Фото: Яндекс.Карты








