Қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржанов пәтерін жалға беріп, түскен табысының салығын төлеуден жалтарып жүрген қазақстандықтарды қандай тәсілмен анықтайтындарын айтты, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Оның сөзінше мұндай адамдарды камералдық бақылау арқылы анықтауға болады.
“Шартты түрде, жеке тұлғаның 10 пәтері болды дейік. Оның біреуінде өзі тұрса, қалғанын жалған беруі мүмкін ғой. Біз мүлік иелері бірлестіктерімен, учаскелік полицейлермен тығыз жұмыс істеу арқылы осы мәселені назарда ұстап отырамыз. Жаңағы 10 пәтердің иесі ай сайын банк қосымшалары және басқа да көздер арқылы ақша алатынын көріп отырамыз. Ондай аударымдар болса, пәтер иесіне қоятын сұрақ туындайды”, — деді Ержан Біржанов.
Вице-министр мұндай пәтер иелерін өз еркімен ашық жұмысқа көшуге ынталандыратын шаралар қабылданып жатқанын айтады.
“Ол үшін түрлі оңайлатылған салық режимдері жасалып жатыр. Салық төлеушілер қазір ресми тіркелмей-ақ, жылына бір рет декларация тапсыру арқылы да жұмыс істей алады”, — деді ол.
Фото: depositphotos.com








