Астанада «Biz Birgemiz» қайырымдылық қорының құрылтайшысы, еріктілер қозғалысының белсендісі Перизат Қайратқа қатысты алдын ала сот отырысы өтті, деп хабарлайды +7.kz.
Еске сала кетейік, 2024 жылғы 14 қарашада Перизат Қайратқа қатысты тергеу амалдары басталғаны белгілі болды. Ал биыл 30 маусымда бұл іс сотқа жолданған еді.
Бүгін өткен алдын ала тыңдауда бірқатар өтінішхаттар қаралып, сот отырысының форматы мен жүргізілу тәртібі нақтыланды.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Сабыржан Кәрімов сот ішінара жабық өтетіні туралы мәлімдеді.
“2025 жылғы 14 шілде күні сағат 10:00-де басты сот талқылауын жалпы тәртіппен, ашық сот отырысы тағайындалды. Айыпталушылардан жауап алу кезінде, сот талқылауы барысында түсініктеме беру кезінде, сондай-ақ құпия мәліметтер мен банк құпиясын құрайтын материалдар қарастырылған кезде сот талқылауының жариялылығы шектеледі. Сот ісін жүргізу тілі – орыс тілі. Айыпталушыға қатысты бұлтартпау шарасы, тергеу кезеңіне дейін қамауда ұстау санкциясы сақталады”, – деді Сабыржан Кәрімов.
Судья Кәрімовтің айтуынша, бұл шешім құпия ақпараттың жария болуына жол бермеу мақсатында қабылданған. Қалған процестер ашық түрде жалғасады. Сот ісі орыс тілінде жүргізіледі. Сонымен қатар, айыпталушыға қатысты қамауда ұстау бұлтартпау шарасы күшінде қалатыны белгілі болды.
“Банк құпиясы саналатын мәліметтің сақталуын қамтамасыз етуді ескере отырып, сот айыпталушылардан жауап алу кезінде, яғни түсініктеме беруі барысында, құпия ақпарат болуы мүмкін мәліметтер айтылса, сондай-ақ қылмыстық іс материалдарын зерттеу кезінде, банк құпиясы саналатын деректер болуы мүмкін жағдайда, сот талқылауының жариялылығын шектеу туралы шешім қабылданды, – деді Сабыржан Кәрімов.
Баспасөз өкілдерінің сауалдарына жауап берген Перизат Қайрат өзіне тағылған айыптаулармен келіспейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, тергеу кезеңінде қоғамға дәлелденбеген ақпараттар жарияланып, оның атына күйе жағылған.
“Олар маған сотқа дейін не айтпады десеңізші. Дәлелденбеген дүниені жариялап, бұрмалап жіберді. Мені қаралап, жала жапты. Тіпті, тінту кезінде табылған заттар да дәлелденген жоқ”, – деді ол сот залына кірер алдында.
Сондай-ақ Перизат Қайрат тергеу изоляторында өзіне күш қолданылғанын алғаш рет ашық түрде мәлімдеді.
“Мен моральдық тұрғыдан әбден шаршадым, айналамда осыншама резонанс. Мені тергеу изоляторының қызметкерлері ұрғанын енді ашық айта аламын. Астана қаласының прокуратурасында қылмыстық іс қозғалды. Қазір жағдайым жақсы”, – деп жауап берді ол журналистердің сұрағына.
Айта кету керек, Перизат Қайратқа 3 миллиард теңгеден астам қайырымдылық қаражатын жымқырды деген айып тағылған. Ал Жоғарғы сот бұл істі тікелей эфирде көрсету мәселесін қарастыруға дайын екенін хабарлады.
Судьяның түсіндіруінше, халықаралық қатынастарға әсер етуі мүмкін деген жеке өтініштер де қаралды. Алайда айыптау аясында ондай қақтығыс сипатындағы айыптар жоқ болғандықтан, бұл мәселе істің мәніне әсер етпейді.
Қылмыстық істің көлемі ескеріліп, сот процесі қатысушыларға ыңғайлы болу үшін арнайы кестемен өтетін болды. Судья барлық қатысушы тарапты соттың жариялылық қағидатына сай әрекет етуге шақырды.








