Қазақстанның 14 облысында 17 шілдеде 43 градусқа дейін аптап ыстық күтіледі, деп хабарлайды +7.kz.
Қазгидрометтің мәліметінше, 17 шілдеде Қазақстанның 14 өңірінде күн қатты ысиды. Көптеген облыстарда найзағай ойнап, бұршақ жауып, дауыл соғуы мүмкін. Сонымен қатар, өрт қаупі жоғары және өте жоғары деңгейде сақталады.
Синоптиктердің мәліметінше, Абай облысында күндіз оңтүстік өңірлерде найзағай мен бұршақ жауып, дауыл соғады. Солтүстік және солтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні 23 м/с-ке жетеді. Ауа температурасы 35–38°C шамасында болады. Солтүстік-батыс пен орталық бөліктерде өрт қаупі жоғары, ал оңтүстікте өте жоғары деңгейде сақталады.
Ал Ақмола облысының батысы мен солтүстігінде найзағай ойнап, бұршақ жаууы мүмкін. Жел оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа ауысып, 15-20 м/с жылдамдықпен соғады. Күндіз 35°C аптап ыстық күтіледі. Батыс, солтүстік және оңтүстік бөліктерінде өрт қаупі жоғары.
Ақтөбе облысында түнде батыс пен орталықта найзағай ойнап, күндіз бұршақ жаууы ықтимал. Жел 15-20 м/с дейін күшейеді. Ауа температурасы күндіз 35–37°C болады. Өрт қаупі орталық пен оңтүстікте өте жоғары, солтүстік пен батыста – жоғары.
Атырау облысының солтүстік-батысында қатты жаңбыр жауып, бұршақ түсуі және дауыл тұруы мүмкін. Жел 15-20 м/с. Күндіз 35–38°C аптап ыстық күтіледі. Солтүстік, шығыс және оңтүстік бөліктерде өте жоғары, батысы мен орталығында жоғары өрт қаупі бар.
Шығыс Қазақстан облысында түнде орталық пен шығыста найзағай, күндіз бұршақ пен дауыл күтіледі. Жел екпіні 23 м/с-ке дейін жетеді. Оңтүстікте ауа температурасы 36°C болады. Өрт қаупі жоғары деңгейде.
Жамбыл облысында жел 15-20 м/с-ке дейін күшейеді. Күндіз 38–41°C аптап ыстық күтіледі. Батыс, шығыс және оңтүстік өңірлерде өте жоғары өрт қаупі сақталады.
Батыс Қазақстан облысының батысы мен оңтүстігінде найзағай ойнайды. Жел 15-20 м/с. Күндіз ауа температурасы 35°C болады. Өрт қаупі жоғары.
Қостанай облысының батыс, солтүстік және шығыс бөліктерінде найзағай ойнап, күндіз бұршақ жаууы ықтимал. Түнде тұман күтіледі. Жел 15-20 м/с. Оңтүстікте күн 36°C-қа дейін ысиды. Өрт қаупі оңтүстік-батыста өте жоғары, оңтүстік-шығыста жоғары.
Қызылорда облысында күндізгі температура 40–43°C дейін көтеріліп, қатты аптап ыстық болады. Өрт қаупі өте жоғары деңгейде сақталады.
Қарағанды облысының солтүстік және шығыс бөліктерінде найзағай ойнайды. Жел 15-20 м/с. Күндіз ауа температурасы 35–38°C шамасында. Солтүстік пен шығыста өрт қаупі жоғары, батыс пен оңтүстікте өте жоғары.
Маңғыстау облысының солтүстік-батысында найзағай күтіледі. Күндіз 38–40°C аптап ыстық болады. Өрт қаупі өте жоғары.
Павлодар облысының солтүстігінде найзағай күтіліп, жел 15-20 м/с-ке дейін күшейеді. Күндіз 35°C ыстық болады. Оңтүстігінде өрт қаупі жоғары.
Солтүстік Қазақстан облысының батыс, оңтүстік және шығыс бөліктерінде найзағай ойнап, күндіз бұршақ жаууы мүмкін. Түнде тұман түседі. Жел 15-20 м/с.
Түркістан облысының батысы мен шөлді аумақтарында күндіз 40°C аптап ыстық күтіледі. Өрт қаупі өте жоғары.
Ұлытау облысының солтүстік және шығыс бөліктерінде жел 15-20 м/с жылдамдықпен соғады. Күндіз 35–39°C ыстық. Оңтүстік бөлігінде өте жоғары, солтүстігінде жоғары өрт қаупі бар.
Синоптиктер тұрғындарды далада ұзақ жүрмеуге, қауіпсіздік шараларын сақтауға және ашық от жағудан аулақ болуға шақырады.








