Мадриттік “Реалдың” байланыстар жөніндегі өкілі Эмилио Бутрагеньо “Кайратпен” болатын Чемпиондар лигасындағы матч көпшіліктің ойлағанынан да қиын болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды +7.kz.
Мадридтік “Реал” 2025/2026 жылғы Чемпиондар лигасының негізгі кезеңі аясында Алматыға келетін төрт команданың бірі болмақ.
Испан баспасөзі бұл ойынды “әлемнің басқа бір шетіне саяхат” деп бағалады. Ал клуб басшылығы жанкүйерлерді алматылық клубты бағаламаудан сақтандырды.
“Біз ешқашан олармен ойнаған емеспіз. Әрі Қазақстан бізге өте алыс. Соған қарай біз кестемізді ыңғайлауымыз керек. Біз мұны қабылдап, ойынға жақсы дайындалуымыз керек. Біз үшін әр матч маңызды. Оған қоса қарсыластарымыздың барлығы жігерлі. Біз жоғары деңгейде ойнап, әрбір ұсақ-түйекке назар аударуға тиіспіз”, – деді Бутрагеньо “Реалдың” баспасөз қызметіне.
Айта кетейік, мадридтік “Реал” Қазақстанға ешқашан келмеген, алайда команданың бірнеше ойыншысы ұлттық құрамалар немесе клубтық матчтар аясында қазақ жерінде ойнаған.








