Алматы облысы Қарасай ауданының Жалпақсай ауылында ВАЗ және Hyundai Grandeur автокөліктері соқтығысып, екі адам қаза тапты. Жеңіл көліктің рөлінде 13 жастағы бала болған болуы мүмкін, деп хабарлайды +7.kz.
Әлеуметтік желілерде жол апаты болған жерден түсірілген кадрлар тарады. Кадрларда көліктердің соғылғаны және жарақат алған адамның айналасына ауыл тұрғындарының жиналғаны көрінеді.
Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, апат шамамен 00:30 кезінде болған. Алдын ала деректер бойынша, ВАЗ жүргізушісі басты жолмен келе жатқан Hyundai көлігіне жол бермеген.
“Жол апатының салдарынан ВАЗ автокөлігінің жүргізушісі мен жолаушысы алған жарақаттарынан оқиға орнында қаза тапты. Ал екінші көліктің жүргізушісі әртүрлі жарақаттармен аудандық ауруханаға жеткізілді“, – делінген Алматы облысы ПД хабарламасында.
Әлеуметтік желілерде Hyundai Grandeur көлігінің рөлінде 13 жастағы жасөспірім болғаны туралы ақпарат тарады. Бұл деректі полиция әзірге растаған жоқ.
Оқиға бойынша полиция қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Фото: Видеодан скрин








