Қостанай облысында Рудный қаласының прокуроры Мұрат Оспановқа қатысты іс бойынша сот үкімі шығарылды, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Биылғы қыркүйек айында Мұрат Оспанов қылмыстық құқықбұзушылық жасады деген күдікпен ұсталған болатын.
Сотта оған Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 24-бабы 3-бөлігі және 366-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы “Ірі мөлшерде пара алуға оқталу” бабы бойынша айып тағылғаны белгілі болды.
Сот процесі ашық режимде өтті. Тергеу мәліметінше, айыпталушы Рудный қаласындағы 39-шы шағын ауданның абаттандыру жұмыстарына байланысты бұзушылықтар бойынша тексеруді тоқтату және “бюджет қаржысын талан-таражға салу” ісі бойынша қылмыстық қудалауды доғару үшін құрылыс бөлімінің басшысынан ақша талап еткен. Чиновник бұл туралы ҰҚК-ге арызданған.
Мұрат Оспанов параны Қостанай қаласындағы дүкендердің бірінің маңында өзінің Land Cruiser автокөлігінде алу кезінде ұсталған. Ол сотта болған жағдайды баяндап берді.
“Маған 5-7 жылдай таныс бір адам қоңырау шалып, кездесуді сұрады. Кездескен соң, ол мені Рудный қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімінің басшысымын деп таныстырған ер адаммен жолықтырды. Оны өзінің жиені ретінде таныстырып, көмектесуді өтінді. Мен одан құжаттарды көрсетуді сұрадым, бірақ ол көрсетпеді. Үшінші кездесуде ол тексеру мен қылмыстық істі тоқтатып беруді және соған сыйақы ұсынатынын айтты. Мен 20 миллион теңге сұрадым, шамамен екі аптадан кейін мені ұстады”, – деді Оспанов сотта.
Айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, іс қысқартылған тәртіппен қаралды.
“Пара ретінде берілген ақша жалған немесе имитацияланған болған жағдайда, мұндай әрекеттер пара алуға оқталу ретінде қаралады. Сондықтан Успановтың әрекеттерін 24-баптың 3-бөлігі және 366-баптың 3-бөлігі, 3-тармағы бойынша саралау дұрыс деп есептеймін және оны қайта саралауға негіз жоқ”, – деді прокурор Еркебұлан Айтбаев.
Қорғау тарабы айыпталушыны бостандығынан айырмауды, оған айыппұл салумен шектеуді сұрады.
Ал прокурор айыпталушыны 4 жыл 6 айға орта қауіпсіздік колониясына қамауды және өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айыруды сұрады.
Сот Рудный қаласының прокуроры Мұрат Оспановты кінәлі деп танып, 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
“Оны қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, орта қауіпсіздік мекемесінде 4 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау. Сондай-ақ Мұрат Оспановты сыныптық шенінен айыру”, – деп үкімді судья Нұрлан Бекаишев жария етті.
Еске сала кетейік, Рудный қаласының прокуроры ұсталғаны туралы биылғы 28 қыркүйекте хабарланған болатын. Бас прокуратураның баспасөз қызметі Мұрат Оспановтың қылмыстық құқықбұзушылық жасады деген күдікке ілінгенін мәлімдеген.
Ашық дереккөздерге сәйкес, Мұрат Оспанов 2024 жылдың 6 қыркүйегінде Рудный қаласының прокуроры болып тағайындалған. Бұған дейін ол Арқалық қаласының прокуроры қызметін атқарған.
Фото: Рудный әкімдігі








