Үкімет үйінің алдында өткен митингіден кейін билік өкілдері әскерге шақырудың заңдылығын, медициналық комиссиялардың жұмысын және қорғаныс министрлігінің әрекеттерін тексеретінін мәлімдеді, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Бас прокуратура басшылығы әскерде қаза тапқан немесе зардап шеккен сарбаздардың аналарын жеке қабылдайды. Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов хабарлады.
“Бірде-бір өтініш назардан тыс қалмайды. Жұмысқа қорғаныс министрлігі мен ұлттық ұланның орталық аппараттарының өкілдері тартылды”, – деді Асылов.
Сарбаздардың қаза болу жағдайлары, әскердегі жарақаттар мен өлімнің алдын алу бағытындағы жұмыстар тексеріледі. Сондай-ақ әскерге шақырудың заңдылығы мен медициналық қызмет қорытындыларының негізділігі де қаралатын болады.
Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Асыловқа аналардың өтініштерін 12 күн ішінде зерттеп, әскерде қаза тапқан сарбаздар істеріне құқықтық баға беруді тапсырған еді.
Еске салсақ, қаза болған сарбаздардың аналары Үкімет Үйінің алдында тұрып, тергеу мен әскери жүйені реформалауды талап етті.
Полиция митингінің заңсыз өткенін және қатысушылар бірнеше рет ескертілгенін мәлімдеді. Ұсталған алты әйел профилактикалық әңгімеден кейін босатылған.
Фото: Видеодан скрин








