Семей қаласында қоқыс жәшігінен нәрестенің денесі табылды, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Абай облысы полиция департаментінің мәліметінше, 3 ақпанда Әуезов полиция бөліміне Семейде қоқыс жәшігінен орамалға оралған жаңа туған нәрестенің мәйіті табылғаны туралы хабар түсті.
“Оқиға орнына жедел-тергеу тобының қызметкерлері шұғыл келіп жетті. Алғашқы іс-шаралар барысында үй жағдайында босанған 20 жастағы қыз анықталды. Оның айтуынша, нәресте тіршілік белгілерінсіз туған”, — делінген ақпаратта.
Сотқа дейінгі тергеу барысында нәрестенің мәйітін контейнерге тастаған қала тұрғыны анықталды.
“Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Нәрестенің мәйіті сараптамаға жіберілді, оның нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданып, оқиғаға қатысы бар екі тұлғаның әрекеттеріне құқықтық баға беріледі”, — делінген хабарламада.
Еске салсақ, осыған дейін Шығыс Қазақстанда нәресте өлімі көбейгені хабарланған.
Фото: depositphotos.com








