Ол ірі көлемдегі алаяқтық және ірі көлемде пара алу фактілері бойынша айыпталған. 31 наурызда прокурор лауазымды тұлғаға алты жылға бас бостандығынан айыру, орденінен айыру және автокөлікті тәркілеу жазасын сұраған болатын. Қорғаушылар сот жазасын бас бостандығынан айырусыз тағайындауды сұраған.
Сот оны кінәлі деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айыруға үкім етті. Сонымен қатар, оған мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығы өмір бойына шектелді және Toyota автокөлігі тәркіленді.
“Жақсылық Омарды кінәлі деп танып, оған 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын, мүлікті (Toyota Camry автокөлігін) тәркілеуді және мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығын өмір бойына шектеуді тағайындау туралы сот шешім қабылдайды. Сот альтернативті жаза ретінде айыппұл қолдануға негіз таппады”, – деді сот.
Еске салсақ, Жақсылық Омардың қамауға алынғаны туралы ақпарат 2026 жылғы 13 ақпанда жарияланған еді. Оның ісі бойынша сот 2026 жылғы 19 наурызда басталды, айыпталушы кінәсін толық мойындады.
Жақсылық Омар екі эпизод бойынша айыпталды. Бірінші эпизод оның Өскемен қаласының әкімі болған кезеңіне байланысты. Тергеу мәліметінше, ол жәбірленушіден бір кәсіпорын арқылы материалдық көмек ретінде автокөлік рәсімдеуді сұраған. Нәтижесінде 2021 жылғы Toyota Camry 75 көлігі алынған. Айыпталушы көлікті әкімдік ғимараты маңында тапсырғанын айтып, кейін оны көрмегенін мәлімдеген. Алайда тергеу деректеріне сәйкес, автокөлік кейін үшінші тұлғаның атына рәсімделіп, trade-in арқылы жаңа модельге ауыстырылған және оны Омардың өзі пайдаланған болуы мүмкін. Келтірілген шығын көлемі 13 миллион теңге деп бағаланды. Сонымен қатар, сот барысында жәбірленуші келтірілген шығын толық өтелгенін айтып, ешқандай талабы жоқ екенін жеткізді.








