72 жастағы әйел Шығыс Қазақстан облысындағы “Үлбі” шипажайында ем алу кезінде өкпесінің тесіліп қалғанын айтып шағымданды, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Санаторий Өскемен қаласынан 80 шақырым жерде, Үлбі өзенінің жағасында орналасқан. Ол зейнеткерлер мен мүгедектігі бар адамдардың демалуына және ем алуына арналған. Жыл сайын шамамен бес мың адамды қабылдайды.
Зардап шеккен әйелдің қызы Наталья Бугрова желіде жазба жариялады. Оның сөзінше, акупунктура (ине салу) сеансы кезінде анасы кенеттен қатты ауырсыну сезінген. Алайда процедураны жүргізген дәрігер бұған мән бермеген. Кейін әйелдің жағдайы одан әрі нашарлай түскен.
“Анам инені салған сәтте қатты ауырып, өзін жайсыз сезінгенде дәрігер ешқандай әрекет етпеді, басқа науқастарға барып-келіп, шамамен 20 минут күтті. Сосын инелерді алып, ештеңе болмағандай анамды бөлмесіне жіберген. Келесі күні анамның жағдайы тіпті нашарлады. Шемонаиха ауданынан жедел жәрдем шақырылды”, – дейді зардап шеккен әйелдің қызы.
Оқиғадан кейін туыстары зейнеткерді Өскеменге алып кеткен. Алайда ол жақта да әйелдің жағдайы күрт нашарлап, қайтадан жедел жәрдем шақырылып, шұғыл түрде ауруханаға жатқызылған.
Рентген тексеру нәтижесінде әйелдің сол жақ өкпесінің басылып қалғаны анықталған. Дәрігерлер плевралдық пункция жасап, кеуде қуысының ішінен шамамен 1,5 литр ауа шығарған. Осыдан кейін науқастың жағдайы біршама жақсарған.
Дәрігерлердің қорытындысына сәйкес, әйелде жарақаттан кейінгі сол жақты пневмоторакс диагнозы қойылған.
“Дәрігерлер сот емес, тергеу мен сот болмайынша ешкім 100 пайыз нақты айта алмайды. Бірақ бұл туралы айтылмаса, ештеңе де болмайды. Полицияға арыз жаздық, алайда әзірге ешқандай қозғалыс жоқ”, – дейді Наталья Бугрова.
Наталья Бугрованың айтуынша, осы уақытқа дейін санаторий дәрігерлері де, басқа да жауапты органдар да онымен байланысқа шықпаған.
“22 желтоқсанда анамды КТ-ға апарды. Ауа шыққан кезде, пункция жасалған сәтте жағдайы жақсарған еді, бірақ ауырсыну мен кеудедегі қысым әлі де сақталып тұр. Түнде қайтадан жағдайы нашарлап, сәтсіз қозғалып қалған”, – деді науқастың қызы.
ШҚО полиция департаменті 19 желтоқсанда Шемонаиха ауданының полиция бөліміне осы оқиға бойынша арыз түскенін растады. Жиналған материалдар денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің ШҚО бойынша департаментіне құзыреті шеңберінде қарау және шешім қабылдау үшін жолданған.
Айта кету керек, бірнеше күн өтсе де ШҚО денсаулық сақтау басқармасы бұл оқиғаға қатысты ешқандай түсініктеме берген жоқ.
Фото: Видеодан скрин
Посмотреть эту публикацию в Instagram








