Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Таяу Шығыстағы қақтығысқа қатысқа қатысты еліміздің ұстанымын айтты, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Бақаев Қазақстан үшінші мемлекеттердің ішкі ісіне араласпау қағидатын ұстанатынын айтты.
“Сондықтан бұл жағдайда біз ешбір тарапты қолдамаймыз. Иранның да, шабуылға ұшыраған елдердің де жағына шықпаймыз. Біз, ең алдымен, әскери қақтығыстардың болмағанын қалаймыз. Егер ондай жағдай орын алса, оның шешімі дипломатиялық келіссөздер үстелінде табылуы тиіс деп есептейміз. Біз мұндай қақтығыстар халықаралық құқық нормаларына және БҰҰ Жарғысына сәйкес реттелуі қажет деген ұстанымды қолдаймыз. Мұның барлығы халықаралық құжаттарда нақты көрсетілген. Бұл – өзгермейтін ұстаным”, – деді министрдің орынбасары.
Шенеунік тиісті өтініш білдірсе, Қазақстан келіссөздер өткізуге алаң ұсынуға дайын екенін жеткізді.
“Біздің мұндай тәжірибеміз бар. Бұған дейін Армения мен Әзербайжан арасындағы келіссөздерге Алматыда алаң ұсынғанбыз, бұл үдеріс мәселенің шешілуіне елеулі үлес қосты. Сондай-ақ Сирия мәселесі бойынша сириялық билік пен оппозициялық күштер арасында 20-дан астам келіссөз раунды өтті. Біздің алаңда осы елдердің дипломатиялық өкілдерінің бас қосуы әскери қақтығысты тоқтатуға және тараптарды келіссөз үстеліне отырғызуға ықпал етті. Сондықтан мұндай тәжірибеміз бар. Егер өтініш түссе, оны мұқият қараймыз. Қазіргі таңда ондай өтініш болған жоқ”, – деді Бақаев.
Осыған дейін Сыртқы істер министрлігі Иран халқына көңіл айтқан еді. Ведомство соққыға ұшыраған араб мемлекеттеріндегі азаматтық нысандарға жасалған шабуылдарға байланысты алаңдаушылық білдіретінін де жеткізген.








