Парсы шығанағындағы соғыс әлемдік мұнай бағасы күрт қымбаттатты. Көмірсутегі шикізаты бірден 10 пайызға өскен, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Әлемдегі мұнай тасымалының 20 пайызы өтетін Ормуз бұғазында танкер қозғалысының шектелуі бағаны тіпті шарықтатуы мүмкін. Иран билігі кеше өткелді уақытша жапқанымен, көп ұзамай қайта ашылды. Бұлай жалғаса берсе қазір 72 доллардан саудаланып жатқан Брент маркалы мұнайдың баррелі 100 доллардан асуы ықтимал.
“Таяу Шығыстағы жағдайдың біздің елдің экономикасына оң және теріс әсерлері бар әрине. Оң жағын айтатын болсақ, қазіргі мұнай тасымалының 20 пайызы Ормуз бұғазы арқылы өтеді. Яғни шиеленіс бұдан әрі арта беретін болса, қазір мысалы Брент маркалы мұнай 72 долллардан сатылып жататын болса егер де 10-15 күнде мәселе шешілмейтін болса 100 доллардан асып кетуі мүмкін”, – дейді экономист Бауыржан Ысқақ.
Ирандағы ахуал мұнай ғана емес, басқа салаларға тікелей де, жанама да әсері болады деп отыр сарапшылар. Тегеранмен арада алыс-беріс көлемі де аз емес. Теңізге шығу үшін жасалып жатқан қадамдар, инвестициялық жобалар бар. Иран Каспий теңізі бойынша шектесетін 5 мемлекеттің қатарында. Жағдай тұрақталмағанша, теміржол да, теңіз қатынасы да уақытша тоқтап тұрады. Әуе компанияларының шығыны өз алдына.
“Теріс әсері сауда байланыстарымыз азаяды, Иранмен де көрші елдермен де. Мәне мәселен кеше ғана әуе жолдары жабылды, бұл әуе компанияларымыздың шығынға батуына алып барады”, – дейді сарапшы Сапарбай Жобаев.








