Тбилисиде жоғалып кеткен қазақстандықтың денесі табылды, деп хабарлайды +7.kz.
Тбилисиде жоғалып кеткен 27 жастағы қазақстандық Шыңғыс Муссадиловты іздестіру жұмыстарының қайғылы аяқталғаны белгілі болды. 4 тамызға қараған түні із-түзсіз жоғалып кеткен жігіттің мерт болғаны туралы ақпаратты марқұмның жақындары жергілікті БАҚ-қа растады. Қайғылы оқиғаның нақты мән-жайы анықталуда.
Бұл ақпаратты Грузияның Қазақстандағы елшілігі де растады. Шыңғыстың достарының айтуынша, оны соңғы рет жексенбіден дүйсенбіге қараған түні шамамен сағат 03:00–04:00 аралығында Тбилисидің орталығындағы “Руставели” метро станциясына жақын орналасқан Laila клубының маңынан көрген.
“Сол түннен кейін ол үйіне оралмаған, жұмысқа да бармаған. Ешкімге ескертпеген”, – дейді әріптестері мен достары.
Жақындары мен туыстары Тбилиси полициясына арыз жазған.
Шыңғыс Муссадиловтың өліміне қатысты нақты деректер әзірге жарияланған жоқ. Грузияның құқық қорғау органдары ресми түсініктеме бермеді.








