Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова теңге бағамына қатысты сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды +7.kz.
Әлия Молдабекованың айтуынша, соңғы күндері теңге бағамының құбылмалылығы артқан. Апта басынан бері ұлттық валюта 2,3 пайызға әлсіреп, 1 АҚШ доллары 530 теңгеден асты.
Ұлттық банк төрағасының орынбасарының мәліметіне сүйенсек, валюта нарығында шетел валютасына деген тұрақты сұраныс сақталып отыр. Бұл жағдайға маусымдық факторлар да әсер етуде.
«Жылдың екінші жартысында бюджет қаражатының белсенді игерілуі, импортқа төлемдердің артуы және шетелге шығатын туристердің көбеюі шетел валютасына сұраныстың өсуіне әдеттегідей әсер етеді. Маусым айынан бастап импорттың айлық көлемі жыл басындағы орташа айлық көрсеткіштен 25 пайызға жоғары. Осындай үрдіс валюта биржасында да байқалады: осы кезеңдегі сауда көлемі орта есеппен 22 пайызға артқан», – деді Әлия Молдабекова.
Сонымен қатар, сыртқы жағдайлар жалпы алғанда қолайлы күйде қалуда: әлемдік нарықта мұнай бағасы бір баррель үшін шамамен 70 доллар деңгейінде сақталып тұр, доллар индексі төмендеуде, ал инвесторлардың дамушы нарықтарға деген қызығушылығы әлі де жоғары.
«Сонымен бірге, соңғы күндердегі айырбастау бағамының ауытқуы іргелі факторлармен түсіндіруге келмейді. Қазіргі теңгенің әлсіреуін негізсіз деп санаймыз және мұндай жағдайларда жиі кездесетін түзету мүмкіндігін жоққа шығармаймыз. Зиян шекпеу үшін, егер аса қажеттілік болмаса, валюта сатып алу туралы шешімді байыппен қабылдаған жөн – бағамның ықтимал түзетілуі салдарынан шығынға ұшырау қаупі бар», – деп түйіндеді Әлия Молдабекова.
Бұған дейін Тоқаев жаңа салық кодексіне қол қойған еді.








