Фото: Ақорда
Астанада «Орталық Азия – Қытай» ІІ саммиті өтіп жатыр. Саммит барысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мен Қытайдың тиімді ынтымақтастығы үшін барлық қажетті шарт бар екенін айтты, деп хабарлайды +7.kz.
Іс-шараға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚХР төрағасы Си Цзиньпин, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов және Тәжікстан резиденті Эмомали Рахмон қатысып отыр.
“Орталық Азия – Қытай” форматы бізді жібек жіппен жалғап, тарихи тағдыры ортақ қоғамдастық құрудың жаңа көкжиегін айқындап берді. Біз сауда-саттықта, өнеркәсіпте, көлік пен логистикада, ауыл шаруашылығында, цифрландыруда, сонымен қатар экономиканың басқа да салаларында ынтымақтастық тетіктерін іске қоса алдық. Сиань қаласында Орталық Азия мен Қытай хатшылығын құрдық. Қазіргі уақытта біз географияны, өзара инвестиция мен инфрақұрылымдық жобаларды кеңейту үшін белсенді жұмыс істеп жатырмыз, – деді Президент.
Мемлекет басшысы күні кеше Қазақстан мен Қытай арасында инвестициялық келісімге қол қойылғанын, ол жоғарыда аталған басым бағыттармен үйлесетінін айтты.
“Қолда бар мүмкіндіктер синергиясы өңір мемлекеттерінің Қытай Халық Республикасымен одан әрі серпінді және өзара тиімді ынтымақтастығы үшін қуатты негіз қалайтынына сенімдімін. Бұл үшін барлық қажетті шарт бар”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тоқаев Орталық Азияның әр мемлекетінің дамуы бүкіл аймақты күшейтетінін алға тартты.
“Біз Орталық Азияның болашағын бірге даму моделі ретінде көреміз, әр мемлекеттің жетістігі бүкіл аймақты күшейтеді. Бүгінде елдеріміздің алдында ортақ міндет тұр – ұлғайып келе жатқан жаһандық айқынсыздық жағдайында тұрақты прогресті қамтамасыз ету”, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев соның аясында сауда-экономикалық байланыстарды нығайту айрықша мәнге ие болатындығын айтты.
“Қазақстанда экономикалық өсімге серпін беретін тың мүмкіндіктер қарастырылып жатыр. Әсіресе, Қытаймен бірлескен жобаларды іске қосуға, тауар номенклатурасын көбейтіп, көршілес ел нарығында сұранысқа ие өнімдер экспортын ұлғайтуға ерекше мән беріледі. Өңделу деңгейі төртінші сатыға сай, қосылған құны жоғары өнім шығаратын технологиялық кәсіпорындар ашуға ниеттіміз. Ауыл шаруашылығы, соның ішінде озық агротехнологиялар мен тиімді су үнемдеу әзірлемелерін қолданысқа енгізу бағытындағы ынтымақтастық өте маңызды. Бұл ретте Қытай компаниялары агроөнеркәсіп кешеніндегі өндіріс орындарын локализациялау ісіне атсалысады деп үміттенеміз. Қазақстан қытай нарығына астық пен ұн, ет және сүт өнімдері экспортын ұлғайту әлеуетіне ие. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында да табысты ынтымақтастық үшін ресурстар бар”, – деді президент.








