Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай-газ саласының қызметкерлерін құттықтап, мұнай-газ кешенінің ұлттық экономикадағы ерекше рөлін атап өтті, деп хабарлайды +7.kz.
“Қазіргі таңда бұл сала қарқынды дамып келеді. Қазақстан әлемдік мұнай нарығындағы жетекші мемлекеттің бірі саналады. Егемендік кезеңінде еліміздегі мұнай өндірісі төрт есе өсті. Жақын арада мұнай өндіру көлемін жылына 100 миллион тоннаға жеткіземіз”, – деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, әлемдік мұнай-газ саласы көптеген мемлекеттердің және белгілі сарапшылардың назарында тұр. Саланың болашағы оның әлемдік экономиканың даму перспективаларына ықпалы тұрғысынан талқылануда.
“Менің ойымша, көмірсутектер әлемдік энергетикада, демек, Қазақстан энергетикасында да әлі де негізгі рөл атқара береді. Бірқатар елдердің, соның ішінде еуропалық мемлекеттердің тәжірибесі көрсеткендей, баламалы энергия көздері белгілі бір қосалқы қызметтерді атқара алады”, – деді президент сала өкілдеріне арнаған сөзінде.
Президент отандық мұнай-газ кешенінің алдында технологиялық жаңғыру, жасанды интеллектіні енгізу міндеті тұрғанын мәлімдеді.
“Заманауи технологиялар мұнай және мұнай өнімдерін өндіру, тасымалдау және қайта өңдеу ісін оңтайландыруға ықпал етуі тиіс. Отандық мұнай-газ өнеркәсібі заманауи үрдістерге сай болуы керек. Сондықтан осы салаға таза және озық технологияларды енгізу өте маңызды. Геологиялық барлау жұмыстарын күшейтіп, жаңа кен орындарын ашуға баса мән берген жөн. Бұған қоса осы салаға білімді, жас кадрларды тартып, адам әлеуетін барынша арттыру . Себебі жаһандық бәсекеге қабілетті болу үшін бізге, ең алдымен, білікті мамандар керек. Білім бағдарламасын жетілдіріп, зерттеу орталықтарын дамытқан абзал. Осы міндеттерді сапалы орындасақ, Әділетті, Қуатты, Таза және Озық Қазақстанның қалыптасуына жол ашамыз”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Фото: Ақорда








