Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды +7.kz.
Кеңеске премьер-министр Олжас Бектенов, президент әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай, үкімет мүшелері, орталық мемлекеттік органдардың жетекшілері қатысты.
Президент қазір дүние жүзінде жасанды интеллектінің қарқынды дамуына байланысты сипаты мүлде жаңа технологиялық өзгерістер болып жатқанын атап өтті.
“Бұл технология әлемдегі барлық елдің дамуына тікелей әсер етуде. Қазір онсыз жаһандық бәсекеге төтеп беру мүмкін емес. Озық технологиялар экономикалық өсімнің қозғаушы күшіне айналуда. Біз жасанды интеллект саласында бірқатар жетістікке қол жеткіздік, бірақ босаңсуға болмайды. Осы стратегиялық бағытта табанды жұмыс істеуіміз керек. Біріккен Ұлттар Ұйымының сауда және даму жөніндегі конференциясының (UNCTAD) болжамы бойынша 2033 жылға қарай жасанды интеллект нарығының ауқымы 4,8 трлн долларға жетуі мүмкін. Ал оның ғаламдық технологиялық индустриядағы үлесі 7 пайыздан 29 пайызға дейін артады”, – деді Тоқаев.
Тоқаев жасанды интеллект дамудың жаңа мүмкіндіктеріне кеңінен жол ашатынын айтты.
“АҚШ Президенті Дональд Трамптың әкімшілігі “America’s AI Action Plan” стратегиясын жариялады. Онда жасанды интеллект АҚШ-тың технология, экономика және қорғаныс салаларында көшбасшы ел болып тұруына қажетті аса маңызды құрал ретінде қаралған. Мамандарымыз осы және басқа да құжаттарды мұқият зерделеп, нақты қорытынды жасауы керек. Ал Қытай Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жаһандық ұйым құру туралы бастама көтерді. Қытайдың мұндай ұйым құру туралы ұсынысын қолдау керек деп ойлаймын. Дайындық іс-шараларына атсалысу қажет. Қазақстанның негізгі мақсаты – Еуразиядағы цифрлық хабқа айналу. Ол үшін нақты іске көшу керек”, – деді мемлекет басшысы.
Ор мәселеге жүйелі түрде қарап, батыл шешім қабылдап, оның орындалуын қатаң бақылауға алу қажет.
“Мен бұған дейін бірыңғай ұлттық цифрлық экожүйе құру ісін тездету туралы айттым. Қажетті инфрақұрылымды дайындап, заңнамалық негіз бен мәліметтерді жинау жүйесін әзірлеп, жасанды интеллектіні енгізу жұмысын бастауды тапсырдым. Бірақ бұл тапсырмалардың орындалу барысы мәз емес”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Фото: Ақорда








