АҚШ президенті Дональд Трамп елдің НАТО-дан шығу мүмкіндігін қарастырып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі The Telegraph басылымына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, альянс елдері Иранға қарсы соғысқа қосылмаған.
“НАТО маған ешқашан ықпал еткен емес. Мен олардың “қағаз жолбарыс” екенін әрдайым білетінмін, мұны Владимир Путин де жақсы түсінеді”, — деді Трамп.
АҚШ президенті одақтастар тарапынан қолдау болмағанына сену қиын болғанын жеткізді. Оның сөзінше, ол Иранға қарсы соғысқа НАТО елдерінің қатысуын талап етпеген. Дегенмен, оның пікірінше, НАТО елдері соғысқа автоматты түрде қатысуы тиіс еді.
“Біз барлық жерде соғысқа автоматты түрде қатыстық, соның ішінде Украинада да. Украина біздің мәселеміз емес еді. Біз олардың жанынан табылдық. Ал олар бізді қолдаған жоқ”, — деп қосты ол.
Айта кетейік. 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери қақтығысы басталғаннан кейін Ормуз бұғазындағы кеме қатынасы тоқтатылды. Ақпаратқа сәйкес, Иран әлемдік мұнайдың шамамен 20%-ы және сұйытылған табиғи газдың 30%-ына дейінгі жеткізілімдері өтетін бұл бұғазды толық бақылауда ұстап отыр.
Трамп егер НАТО елдері Ормуз бұғазын ашуға көмектесуден бас тартса, альянстың “болашағы өте қиын” болатынын мәлімдеген.
Соғыс басталғалы бері Вашингтон одақтастарынан Ормуз бұғазына әскери кемелер жіберуді талап еткен, алайда Германия, Франция, Италия және Испания бұл ұсыныстан бас тартты. Германия канцлері Фридрих Мерц НАТО-ның интервенциялық емес, қорғаныс одағы екенін мәлімдеді. Лондон тек көмек көрсету мүмкіндігін қарастыруға уәде берсе, Париж бен Рим өз кемелерінің өтуі жөнінде Тегеранмен тікелей келіссөз жүргізуді жөн көрді. Бұл Ақ үйдің ашық наразылығын туғызды. Кейінірек Швеция да бұл бастамадан бас тартып, өңірдегі жағдайға ықпал ете алмайтынын мәлімдеді.
Осыдан кейін Трамп Ормуз бұғазын ашу операциясына қатысудан бас тартқан елдерге АҚШ бұдан былай көмектеспейтінін айтып, оларды “қорқақтар” деп атады. АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио да Ирандағы соғыс аяқталған соң НАТО-ның құндылығын қайта бағалау қажет екенін айтты. Алайда түпкілікті шешім президент Трамптың құзырында екенін атап өтті.








