АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс жаңа дипломатиялық кезеңге өтті. Дональд Трамп соңғы екі күн ішінде Вашингтон мен Тегеран арасында “өте жақсы әрі нәтижелі келіссөздер” өткенін мәлімдеді, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі
Бұл туралы Трамп Truth Social платформасындағы парақшасында жазған.
Америка президентінің айтуынша, тараптар Таяу Шығыстағы келіспеушіліктерді толық әрі түпкілікті реттеу жолдарын талқылаған. Келіссөздердің сипатын “терең, жан-жақты және конструктивті” деп бағалаған Трамп олардың алдағы апта бойы жалғасатынын атап өтті.
Осыған байланысты Ақ үй басшысы АҚШ Қорғаныс министрлігіне Иранның энергетикалық инфрақұрылымына, соның ішінде электр станцияларына соққы беруді бес күнге кейінге қалдыруды тапсырған. Алайда бұл шешім келіссөздердің табысты жалғасуына тікелей байланысты екенін ескертті.
Сонымен қатар, Иранның бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары бұл мәліметті жоққа шығарып, елдің АҚШ-пен ешқандай форматта – тікелей де, делдалдар арқылы да байланыс орнатпағанын хабарлады.
Бұған дейін Трамп АҚШ-тың Таяу Шығыстағы әскери операциясы өз мақсаттарына жақындап қалғанын мәлімдеген еді. Оның сөзінше, негізгі міндеттер қатарында Иранның зымырандық әлеуетін толық жою, қорғаныс өнеркәсібін әлсірету, сондай-ақ әскери-теңіз және әуе күштерін, оның ішінде әуе қорғаныс жүйелерін істен шығару бар.
Ақ үй басшысы сондай-ақ Иранға Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын 48 сағат ішінде қалпына келтіру жөнінде талап қойған. Әйтпеген жағдайда энергетикалық нысандарға соққы жасалатынын ескерткен.
Айта кетейік, Ормуз бұғазы – әлемдік энергетика үшін стратегиялық маңызы зор аймақ. Мұнда мұнай мен сұйытылған газдың едәуір бөлігі тасымалданады. Сондықтан бұл бағыттағы кез келген тұрақсыздық жаһандық нарыққа тікелей әсер етуі мүмкін.
Сарапшылардың пікірінше, соңғы мәлімдемелер әскери эскалация мен дипломатиялық диалогтың қатар жүріп жатқанын көрсетеді. Алдағы күндері келіссөздердің нақты нәтижесі аймақтық қауіпсіздікке ғана емес, әлемдік экономикаға да ықпал етуі ықтимал.








