Түркістан облысында екі қабатты үй өртеніп, 12 адам қаза тапты, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Оқиға Түркістан облысы Жетісай ауданының Алғабас ауылында болған.
Түркістан облысының ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін таңертең “101” пультіне Жетісай ауданының Алғабас ауылында орналасқан екі қабатты жеке тұрғын үйдің өртенгені туралы хабарлама түскен.
Оқиға орнына өрт сөндірушілер жеткенге дейін тұрғын үй толықтай өртке оранған.
Өртті барлау және сөндіру барысында үйдің ішінен ес-түссіз күйдегі үш адам эвакуацияланып, жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырылды. Өрт салдарынан 9 баланы қоса алғанда, барлығы 12 адам мерт болған.
Көршілердің айтуынша, алдыңғы күні үй иелері іс-шара өткізген, үйде қонақтар болған.
Өрт 360 шаршы метр аумақта толықтай сөндірілді.
Оқиға орнында барлық жедел қызметтер жұмыс істеп жатыр. Өрттің шығу себептері белгісіз. Тергеу басталды.
“Түркістан облысының әкімі атынан қаза тапқандардың отбасыларына қайғыра көңіл айтамыз. Аймақтық қызметтер барлық қажетті қолдауды көрсетеді. Өрттің шығу себептері анықталуда. Ақпарат қосымша толықтырылып отырады”, – деп хабарлады Түркістан облысы әкімдігі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысы Жетісай ауданындағы жеке үйде болған өрттің салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты көңіл айтты.
Үкімет пен Түркістан облысының әкіміне зардап шеккен азаматтардың туған-туыстарына барлық қажетті көмек көрсетіп, қайғылы оқиғаны жан-жақты тексеруді тапсырды.
Фото: Видеодан скрин








