Түркістан облысындағы қарт әкесін соққыға жыққан ер адамның әйеліне қатысты да іс қозғалды, деп хабарлайды +7.kz.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде ер адамның қарт әкесін ұрып жатқан бейнежазбасы тараған болатын. Оның жұбайы бұл әрекетке бөгет болмаған. Жантүршігерлік кадрларды көрші әйел жасырын түсіріп жариялаған.
Полиция хабарлағандай, ақсақалдың қазасынан кейін ұлына қатысты ҚР ҚК-нің 106-бабы 3-бөлігі бойынша “Кісі өліміне әкеп соққан қасақана ауыр зиян келтіру” қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Сондай-ақ ұлының әйеліне қатысты да тергеу жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 109-1-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы “Кінәліге айқын түрде әлсіз күйде немесе материалдық не басқа да тәуелділікте болған адамға жасалған ұрып-соғу” бойынша қозғалды.
“Сотқа дейінгі тергеу барысында болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіледі. Оның нәтижесі бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады. Сонымен қатар тергеу барысында өтініште көрсетілген барлық уәждер тексеріліп, аяқталған соң қылмыстық процеске қатысушылардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі”, – деп мәлімдеді Түркістан облыстық ПД.
Полицияның айтуынша, зейнеткерге туыстары тарапынан қол жұмсау оның өлімімен аяқталғанға дейін, жәбірленушіден немесе басқа тұлғалардан полицияға зорлық-зомбылық фактілері бойынша арыз түспеген.








