Премьер-министр Олжас Бектенов Түркістан облысының Алғабас ауылында болған қайғылы жағдайға қатысты Үкімет отырысында сөз сөйлеп, қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Премьер-министр мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өрттің себептерін тергеу үшін үкіметтік комиссия құрылғанын атап өтті.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың мәліметінше, өрт 18 қараша күні сағат 05:36-да жеке меншік екі қабатты үйде шыққан.
“От жалмаған тұрғын үй толықтай өртке оранып, шатырдың бір бөлігі опырылды. ТЖМ күштері дереу жіберілді, өрт 07:22-де толық сөндірілді”, – деді Бозымбаев.
Оқиға орнында 12 адамның мәйіті табылды, олардың ішінде 9 бала бар. Тағы үш адам ауруханаға жеткізіліп, Жетісай орталық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр.
Бозымбаевтың айтуынша, оқиға орнында тергеу амалдары жалғасып жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, өрттің шығуына себеп болуы мүмкін қылмыстық белгі анықталмаған. “Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу” бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.








