Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 16,5% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды +7.kz.
Бұл шешім болжамды раундтың нәтижелеріне негізделді. Оның аясында негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамы жаңартылып, инфляция тәуекелдерінің балансы қайта бағаланды.
Жылдық инфляция шілдеде 11,8% деңгейінде сақталды. Азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы үздіксіз өсті, ал қызметтер бағасының өсуі жыл басынан бері алғаш рет баяулады.
Сонымен қатар, Ұлттық Банк 2025 жылға инфляцияның болжамы нақтыланды. Ортамерзімді кезеңде болжамды бағалау өзгермегенін мәлімдеді. 2025 жылы инфляция – 11-12,5%, 2026 жылы – 9,5-11,5%, 2027 жылы – 5,5-7,5% шегінде күтіледі.
“Ұстамды қатаң ақша-кредит саясаты және жоспарланған фискалдық шоғырландыру шаралары инфляцияға тежеуші әсер ететін болады. Болжам тәуекелдері фискалдық тәртіпті сақтауға, ішкі сұраныстың күшеюіне, сыртқы инфляцияның жеделдеуіне, инфляциялық күтулердің тұрақтамауына, сондай-ақ реттелетін бағалар мен ҚҚС көтерілуінің жанама әсеріне байланысты”, – делінген хабарламада.
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені талқылау үшін жыл басынан бері бесінші рет жиналып отыр.
Бірінші отырыс 17 қаңтарда өтіп, онда мөлшерлеме 15,25 пайыз деңгейінде өзгеріссіз қалдырылды. 7 наурызда реттеуші базалық мөлшерлемені 16,5 пайызға дейін көтерді, бұл шешімді жаңартылған инфляция мен экономикалық өсу болжамдарымен түсіндірді.
11 сәуірде Ұлттық банк ағымдағы инфляциялық жағдайды және тәуекелдер тепе-теңдігін ескере отырып, мөлшерлемені қайтадан 16,5 пайыз деңгейінде қалдырды. 5 маусымда осындай шешім қабылданды – мөлшерлеме бұрынғы 16,5 пайыз деңгейінде қалды. Нақты деректерді талдау және инфляцияның жаңартылған болжамдары негіз болды.
Фото: depositphotos.com








