Атырауда Яна Легкодимованың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша айыпталушыларға үкім шықты, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сот айыпталушылар Ризуан Қайыржанов пен Алтынбек Катимовке қатысты үкімін жариялады.
Сот шешімімен Қайыржанов пен Катимов ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 7 және 8-тармақтарында көзделген аса ауыр қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
“Жаза мерзімі олардың ұсталған күні — 2024 жылғы 22 қазаннан бастап есептеледі. ҚР ҚК-нің 62-бабы 3-бөлігінің 1-тармағына сәйкес, Қайыржанов пен Катимовтың үкім заңды күшіне енгенге дейін қамауда болған уақыты жазаның бір күніне бір күн есебімен толықтай қосылады”, — делінген сот шешімінде.
Сот азаматтық талапты да қарады. Марқұмның анасы Галина Легкодимованың азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылып, айыпталушылардан материалдық шығын ретінде 1 955 070 теңге өндіріледі.
Сонымен қатар сотталушылар Қайыржанов пен Катимовтен жәбірленуші Галина Легкодимованың пайдасына әрқайсысынан 15 000 000 теңге көлемінде моральдық өтемақы өндіру туралы шешім қабылданды.
Мемлекет кірісіне сот Қайыржанов пен Катимовтен 21 517 теңге көлемінде мемлекеттік бажды өндіруді міндеттеді.
Айыпталушыларға сот үкімінің талаптарын орындау үшін екі ай мерзім белгіленді.
Еске салсақ, осыған дейін прокурор бұл іс бойынша күдіктілерді өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрағанын жазғанбыз.








