Алматыдағы №65 мектеп-гимназиясындағы асхананың жағдайы ата-аналарды шошытты, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Ата-аналар әлеуметтік желіде асхананың қазіргі жағдайы көрсетілген видео жариялаған. Видеода көгеріп кеткен ыдыстар мен сұмдық жағдайдағы тамақ тасымалдайтын лифті көруге болады.
“Мына көгерген шөмішпен балаларға сусын құяды. Беті лас табақпен жабылған. Қабырғаның барлығы көгеріп кеткен. Ал мынау балаларға тамақ тасымалданатын лифт. Не деген сұмдық. Сіздер тамақтың бетін жаппай осы лас лифтпен балаларға апарасыздар ма?” – делінген видеода.
Наразылық білдірген ата-аналар Бостандық ауданының прокуратурасына және санитариялық қызметке осы мектепті тамақпен қамтамасыз ететін жеке кәсіпкердің жұмысын тексеруді сұрады
Алматы қаласы білім басқармасы бұл жағдай бойынша жауап берді. Онда №65 мектеп-гимназиясының директорына мектепішілік бақылаудың болмағаны үшін ҚР Еңбек кодексіне сәйкес тәртіптік жаза қолданылғаны хабарланды.
“Бұл дерек аудандық санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің назарына алынды, ыстық тамақпен қамтамасыз ететін кәсіпкерге қатысты тиісті шаралар қабылданады”, – деп мәлімдеді білім басқармасы.
Посмотреть эту публикацию в Instagram








