Жамбыл облысында мектеп оқушысы сабаққа бармағаны үшін анасы жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, азаматша П.-ға қатысты баланы тәрбиелеу және оқыту міндеттерін қайталап орындамау фактісі бойынша әкімшілік іс қаралған.
Іс материалдарына сәйкес, оның 2011 жылы туған ұлы ағымдағы жылдың 2 қыркүйегінен бастап мектепке баруды тоқтатқан. Сабаққа қатыспауына ешқандай дәлелді себеп ұсынылмаған.
“Сот анықтағандай, анасы бұған дейін де осыған ұқсас құқық бұзушылық үшін – 2025 жылдың маусым айында – әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Алайда тиісті қорытынды жасалмаған және жағдай қайталанған”, – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Әйелдің іс-әрекеті Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабының 2-бөлігі бойынша – кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу және оқыту міндеттерін қайталап орындамау ретінде сараланды. Бұл бапта 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу немесе бес тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылған.
Сот әйелдің кәмелетке толмаған балалары бар екенін, кінәсін мойындағанын және ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескере отырып, айыппұлмен шектелді.
“Сот әкімшілік айыппұл мөлшерін 30 пайызға азайту туралы шешім қабылдады. Нәтижесінде азаматша П.-ға 41 мың теңге көлемінде айыппұл салынды”, – деп нақтылады сотта.
Қаулы әлі заңды күшіне енген жоқ.








