Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков қазақстандықтардың жеке деректерінің тарап кетуіне байланысты “ЖСН-ді ауыстыру керек пе?” деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Еске салсақ, осыған дейін желіге қазақстандықтар туралы 16 миллионға жуық мәлімет тарап кеткен болатын. Артынша тиісті органдар жағдайға байланысты тексеріс басталғанын хабарлаған.
“ЖСН-ді қайта шығарудың еш мәні жоқ, өйткені бұл — сәйкестендіру нөмірі. Несиелер мен алаяқтарға келетін болсақ, біз әріптестерімізбен бірге арнайы жұмыс істедік. Egov порталында “Стоп-кредит” сервисі бар. Сол реестрге аты-жөніңізді енгізсеңіз, сіздің рұқсатыңызсыз ешкім атыңызға несие рәсімдей алмайды. Сондықтан деректердің бәрі қорғалған”, — деді вице-министр.
Оның айтуынша, ең басты қауіп адамдардың өз аңғалдығынан болады. Сондықтан ол алаяқтарға алданбаудың жолын да түсіндірді.
“Ең бастысы ешкімге сенбеңіздер. Телефонға келген СМС-кодтарды ешкімге айтуға болмайды. Ол кодтар тек мемлекеттік қызмет алып жатқанда ғана керек. Сақтанып жүру үшін 1414 нөмірінен келген хабарламаны ешкімге жібермеңіз. Ал несие алмайтын болсаңыз, баяғы “Стоп-кредитті” қосып тастаған дұрыс. Егер ақша керек болып жатса, бұл шектеуді небары екі минутта алып тастауға болады”, — деді Бекболат Молдабеков.
Фото: gov.kz








