Биыл Қазақстанда 3 000 әскери міндетті әскери жиындарға шақырылады. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі бұйрығында көрсетілген, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Қорғаныс министрлігі “2026 жылы әскери міндеттілерді әскери жиындарға шақыру туралы” бұйрықты жариялады
“Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы” Қазақстан Республикасының Заңы 33-бабының 1) тармақшасына сәйкес 2026 жылы 3 000 әскери міндетті әскери жиындарға шақырылсын”, – делінген құжатта.
Сонымен қатар Қарулы Күштер Бас штабының Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментіне бұйрықты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізу, ал алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін Қорғаныс министрлігі интернет-ресурсына орналастыру және осы бұйрық жарияланған күннен бастап он күн ішінде атқарылған жұмыстар туралы мәліметтерді министрліктің Заң департаментіне жолдау тапсырылған.
Бұйрықтың орындалуын бақылау Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР Қарулы Күштері Бас штабының бастығына жүктелген. Құжат мүдделі лауазымды тұлғалар мен құрылымдық бөлімшелерге жеткізіліп, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Фото: depositphotos.com








