Шымкентте FlyArystan ұшағы қону кезінде ит қағып кетті, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Оқиға 15 сәуір күні Алматыдан ұшқан FS7105 рейсінде болған. FlyArystan компаниясының мәліметінше, соқтығысу салдарынан ұшаққа зақым келген.
“2026 жылғы 15 сәуірде Алматы – Шымкент бағыты бойынша ұшқан FS7105 рейсі қонғаннан кейін, Шымкент әуежайының ұшу-қону жолағында әуе кемесі жануармен (итпен) соқтығысты. Соқтығыс нәтижесінде әуе кемесінің кейбір бөлшектері зақымданды. Қазіргі уақытта ауыстыруды қажет ететін барлық компоненттер Алматыдан жеткізіледі”, – делінген FlyArystan баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Қандай нақты бөлшектердің бүлінгені әзірге айтылған жоқ. Қазір бұл оқиға бойынша тексеріс жүргізілуде.
“Аталған факт Шымкент станциясындағы көліктегі полиция басқармасында тіркелді. Қазіргі уақытта тексеру жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда”, – деп хабарлады көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қосымша мәліметтер, соның ішінде жануардың ұшу-қону жолағына қалай кіріп кеткені әзірге жарияланған жоқ.
Фото: flyarystan.com








