Қазақстанда жргізуші куәлігін алу емтихандарын тапсыру тәртібі өзгереді, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Жаңа өзгерістерге сәйкес, Қазақстан азаматтары жүргізуші куәлігін алу үшін теориялық емтиханды ақылы негізде шектеусіз тапсыра алады. Дегенмен әрбір қайта тапсыру аралығы кемінде 10 күнтізбелік күнді құрауы тиіс.
Бұл мәселе Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің төрағалығымен талқыланды.
Екінші бағыт ретінде Астанадағы Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Ұлттық тестілеу орталығы филиалы базасында пилоттық жоба іске қосылады. Жоба барысында академиялық адалдықты қамтамасыз ететін технологиялар сынақтан өткізіліп, кейін олар жүргізуші куәлігін алу үшін өткізілетін теориялық емтихан жүйесіне енгізіледі.
Үшінші және төртінші шаралар жасанды интеллект технологияларын енгізуге бағытталған. Атап айтқанда, теориялық емтиханда толықтырылған шынайылық құралдары қолданылса, практикалық емтихан кезінде процесті автоматты бақылау үшін компьютерлік көру жүйелері енгізіледі.
Бесінші шара жүргізуші куәлігін беру жүйесінің ақпараттық қауіпсіздігін күшейтуді көздейді. Бұл жүйелер аса маңызды ақпараттық инфрақұрылым нысандары қатарына енгізіліп, заңсыз араласу немесе бұзушылықтар үшін жауапкершілік, соның ішінде қылмыстық жауапкершілік те қарастырылуы мүмкін.
Алтыншы бағыт әкімшілік жауапкершілікті күшейтуге қатысты. Бұл талап емтихан тапсырушылармен қатар, жүргізуші куәлігін заңсыз алуға көмектесетін тұлғаларға да қолданылады. Сондай-ақ емтихан кезінде тыйым салынған құрылғыларды (микроқұлаққап, микрокамера және байланыс құралдары) пайдаланған жағдайда тиісті шаралар қабылданады. Сонымен бірге теориялық емтиханнан бір жылға дейін шеттету жазасы қарастырылған.
Жетінші шара авто-мектептердің қызмет сапасын арттыруға бағытталған. Олардың жұмысы даярлау сапасы мен азаматтардың кері байланысы негізінде бағаланып, лицензиялау жүйесі енгізіледі. Егер оқу сапасы талапқа сай болмаса, лицензия кері қайтарылуы мүмкін.
Фото: Gov.kz








