Алаяқтық жасады деген күдікпен халықаралық іздеуде жүрген азамат Германиядан Қазақстанға экстрадицияланды, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Бас прокуратураның баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстанның Германиядағы Елшілігінің қолдауымен Бас прокуратура мен ІІМ Интерпол қызметкерлері аса ірі көлемдегі қаржы жымқырды деп айыпталған шетел азаматын елге экстрадициялаған.
“Тергеу нұсқасы бойынша, күдікті 2014 жылы алдын ала сөз байласу арқылы бір топ адаммен бірге әрекет еткен. Ол компьютерлік техника жеткізіп беремін деген сылтаумен қазақстандық кәсіпкерді алдап, 1 миллион АҚШ долларын иемденген”, – делінген хабарламада.
Құзырлы органның мәліметінше, қылмыстан кейін күдікті бой тасалап, халықаралық іздеуге жарияланған. Артынша күдікті Германиядан Қазақстанға экстрадицияланған.
2025 жылдың қыркүйегінде ол Германия аумағында ұсталып, Қазақстан тарапынан жолданған сұрау негізінде елге қайтарылды. Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалып, іс бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
Бас прокуратура мұндай қылмыс үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы қарастырылғанын атап өтті.








