Жамбыл облысының тұрғыны айырылысқаннан кейін бұрынғы сүйіктісінен 2,5 миллион теңгені өндіріп алмақ болған, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Қордай аудандық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше талапкер 4-5 ай шамасында бірге болған сүйіктісінен, берілген сыйлықтарын қайтаруды талап еткен.
“Талапкер қызбен шамамен 4–5 ай жақын қарым-қатынаста болғанын, отбасын құру ниеті болғанын көрсеткен. Ол жауапкерге өзі мен екі баласына қаржылай қолдау ретінде ақша аударып отырған. Қарым-қатынас үзілгеннен кейін талапкер барлық берілген қаражатты қайтаруды талап еткен, алайда жауапкер қайтарудан бас тартып, оны бұғаттап тастаған”, – делінген хабарламада.
Талапкер берілген қаражаттың қайтарылуы тиіс екенін айтып, жауапкерден 2,5 миллион теңгені, сондай-ақ мемлекеттік баж шығындарын өндіруді сұраған.
Ал жауапкер талапты мойындамаған. Оның айтуынша, ақша ерікті түрде – дәрі-дәрмекке, киім-кешекке және тұрмыстық қажеттіліктерге берілген. Екі тарап арасында қаражатты қайтару туралы ешқандай келісім болмаған.
“Сот талапкердің ақша аударымдарын өз бастамасымен жасағанын және олардың қайтарымсыз көмек сипатында болғанын анықтады. Ақшаның қайтару шартымен немесе қандай да бір келісім аясында берілгенін дәлелдейтін айғақтар ұсынылмаған. Нәтижесінде сот талап арызды қанағаттандырудан бас тартты”, – делінген хабарламада.
Сот шешімі заңды күшіне енді.








