АҚШ Қорғаныс министрлігі Ирандағы соғысқа кеткен шығын шамамен 25 миллиард долларды құрағанын мәлімдеді, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі NPR басылымына сілтеме жасап.
Бұл туралы Пентагон өкілдері Конгрестегі тыңдау барысында хабарлады.
АҚШ Қорғаныс министрі Пит Хегсет Өкілдер палатасының Қарулы күштер комитетіндегі отырыста соғыстың қашан аяқталатыны жөнінде нақты болжам жасамады. Тыңдау кезінде ол демократ конгрессмен Адам Смиттің сұрақтарына жауап беріп, Иранның ядролық қаруға ұмтылысы тоқтамағанын атап өтті.
Хегсеттің айтуынша, АҚШ әуе соққылары нәтижесінде Иранның ядролық нысандары, соның ішінде жоғары байытылған уран қоры жойылған. Алайда ол Тегеранның ядролық бағдарламадан толық бас тартпағанын жеткізді.
Өз кезегінде Адам Смит АҚШ әкімшілігі екі ай бұрын соғысты Иранның ядролық қаруы “жақын қауіп” деп бағалап бастағанын еске салды. Ал қазір оның толық жойылғаны айтылып отырғанына назар аударды.
Пентагонның қаржы жөніндегі басшысы Джей Херстің мәліметінше, негізгі шығын қару-жараққа жұмсалған. Оның айтуынша, АҚШ күштері Иран аумағындағы шамамен 13 мың нысанаға соққы жасаған.
Айта кетейік, АҚШ президенті Дональд Трамп 7 сәуірде атысты тоқтату туралы мәлімдеген болатын. Бұл соғысқа кеткен шығын жөніндегі алғашқы ресми баға болып отыр.
Сонымен қатар тыңдауда келесі жылға арналған қорғаныс бюджеті де талқыланды. АҚШ әкімшілігі шамамен 1,5 триллион доллар сұрап отыр, бұл биылғы бір триллион долларға жуық бюджеттен айтарлықтай көп.
Фото: swissinfo.ch








