Ұлттық қауіпсіздік қызметі Астана және Алматы қалаларында Қазақстан азаматтарының жеке деректерін заңсыз жинады және таратты деген күдікпен ұйымдасқан топты ұстады, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Тергеу материалдары бойынша қылмыстық іс фигуранттары заңсыз жолмен алынған ақпаратты интернет желісінде сатып келген.
“Сатып алушылар қатарында микроқаржы және коллекторлық ұйымдардың кейбір өкілдері, сондай-ақ жеке тұлғалар болған. Тінту барысында компьютерлік техника, электрондық ақпарат тасымалдағыштар, ірі көлемде ақша қаражаты және өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді. Қылмыстық кодекстің 147, 208 және 210-баптары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр”, – делінген ақпаратта.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Фото: ҰҚК








