“Қайрат” футбол командасы бас бапкер Рафаэль Уразбахтиннің қызметтен кететіні туралы ақпаратты түсіндірді, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Әлеуметтік желіде алматылық клубтың бапкері Рафаэль Уразбахтиннің қызметінен кететіні туралы ақпарат тарады. Бұл ақпаратқа байланысты клубтың баспасөз қызметі ресми жауап берді.
“Ақпараттық кеңістікте тараған бас бапкердің ауысуы мүмкін екені туралы мәліметтің шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлайды. Клуб Рафаэль Уразбахтинге және оның бапкерлер штабына толық сенім білдіреді. Маманның қолданыстағы келісімшарты 2027 жылдың соңына дейін жарамды. Бас бапкер қызметіне қатысты ешқандай өзгеріс қарастырылып жатқан жоқ”, — делінген мәлімдемеде.
“Қайрат” клубы мұндай ақпараттарды командаға қатысты шиеленіс туғызу және клуб ішіндегі жұмыс атмосферасын тұрақсыздандыру әрекеті ретінде бағалайтынын атап өтті.
“Бұл әрекет клубтың бірлігіне, таңдалған бағытқа деген сеніміне, алға қойған мақсаттарына әсер етпейді”, — деп мәлімдеді команданың баспасөз қызметі.








