Қазақстанда медициналық білім беру мезімін 7 жылдық модельге көшіру ұсынылды, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Мәжілісте “Педагог мәртебесі және білім беру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасын талқылау кезінде депутат Асхат Аймағамбетов мәлімдеді,
Аталған заң жобасы бірінші оқылымда қаралып жатыр.
Аймағамбетовтың айтуынша, соңғы реформаға сәйкес, медицина студенттері 6 жыл оқиды. Алайда осыдан кейін олар жарты жыл стационарда интернатурадан өтеді, бірақ бұл кезеңде олардың нақты құқықтық мәртебесі болмайды.
“Студент бұл уақытта стационарда нақты құқықтық мәртебесіз жүреді, медициналық ақпараттық жүйелерге қол жеткізе алмайды және емдік процедураларға қатысуға құқығы жоқ. Қарапайым тілмен айтқанда, білім алушылар өз бетімен қалады”, – деді депутат.
Сондай-ақ, оның сөзінше, 6 жылдық оқуды аяқтаған түлектер бірден жұмысқа орналаса алмайды, себебі резидентурадан өту міндетті. Ал резидентура 2 жылдан 4 жылға дейін созылады және мемлекеттік гранттар саны шектеулі болғандықтан, көп жағдайда оқу ақылы негізде жалғасады.
Осыған байланысты Аймағамбетов дәрігерлерді даярлаудың 7 жылдық моделіне көшу ұсынылып отырғанын айтты.
“Бағдарлама 6 жыл университеттегі теориялық дайындықты және медициналық ұйымдар базасында 1 жыл толыққанды практикалық интернатураны қамтиды”, – деді депутат.
Фото: depositphotos.com








