Ақтөбе облысында ұшқышсыз ұшу аппараты (БПЛА) құлады, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы ақпарат 2026 жылғы 29 сәуірде әлеуметтік желілерде тарады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, шамамен сағат 8:30 шамасында қатты дыбыс естілген. Одан кейін Ресей шекарасына жақын орналасқан Әлімбет ауылының маңынан түтін көтерілген.
Оқиғаға қатысты Ақтөбе облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі түсініктеме берді.
“Ақтөбе облысының полиция департаменті уәкілетті қызметтермен бірлесіп, Қарғалы ауданында ұшқышсыз ұшу аппаратының бөлшектеріне ұқсас заттардың табылуына байланысты тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Нысан елді мекеннен тыс жерде анықталды. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда”, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, 2025 жылдың ақпан айында Батыс Қазақстан облысы Бөкейорда ауданының Ұялы ауылы аумағынан белгісіз ұшу нысаны табылған. 2025 жылғы 23 қазанда Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында ұшқышсыз аппараттың жарылғаны туралы хабарланған. Ал 2026 жылғы 26 наурызда осы өңірде тағы бір БПЛА табылғаны белгілі болды. Қорғаныс министрлігі әрбір осындай жағдай бойынша тиісті тексерулер жүргізілетінін мәлімдеген.
Посмотреть эту публикацию в Instagram








