Қазақстан мен Израиль Астанада қандай келісімге келді: Кездесу туралы толығырақ

Израиль Президенті Ицхак Герцог Астанаға ресми сапармен келді. +7.kz ақпарат агенттігі Астанада өткен кездесуде Қазақстан мен Ираиль арасында жасалған келіссөздер, ықтимал тәуекелдер мен мүмкіндіктер туралы  ақпарат ұсынады.

Ақордада елімізге ресми сапармен келген Израиль Президенті Ицхак Герцогты салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.

Президенттер бір біріне делегация мүшелерін таныстырғаннан кейін Құрмет қарауылының бастығы рапорт беріп, екі елдің әнұрандары орындалды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Израиль Президенті Ицхак Герцог шағын құрамда келіссөз жүргізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ицхак Герцогпен еліміздің төрінде жүздескеніне қуанышты екенін айтты.

“Ең әуелі, екі ел арасындағы қарым-қатынастың іргесін қалауға Сіздің әкеңіз, Израиль Мемлекетінің бұрынғы Президенті Хаим Герцогтың ерекше еңбек сіңіргенін атап өткім келеді. 1992 жылдан бері қос халық ортасында тығыз достық байланыс орнады. Өзара ынтымақтастықта, әсіресе, экономика және саяси бағыттарда елеулі табысқа қол жеткіздік. Еліміз Ибраһим келісімдеріне қосылу туралы шешім қабылдады. Бұл қадам Таяу Шығыс елдері мен Израиль арасындағы қарым-қатынастың қалпына келуіне Қазақстанның да үлес қосуға дайын екенін көрсетеді. Бүгін біз өзара экономикалық байланыстарымызға қатысты көптеген мәселені талқылаймыз. Өйткені екіжақты ынтымақтастықтың әлеуеті зор. Бұл мүмкіндікті мейлінше пайдалану керек”, – деді Мемлекет басшысы.

Израиль Президенті 1993 жылы Қазақстанға сапар жасаған әкесі Хаим Герцогтың ізін жалғап Ақордаға келгені үшін қуанышты екенін жеткізді.

“Қазақстанға үнемі келгім келетін еді. Мұны шын жүректен айтып отырмын. Өйткені қазақ жерінің көркем табиғаты мен қазақ халқының керемет мәдениеті туралы көп естідім. Менімен бірге өзара серіктестігімізге, әсіресе, жоғары технологиялар саласындағы ықпалдастыққа тың серпін беретін сарапшылар келді. Әлем жаңа дәуірге қадам басқан кезеңде елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың әлеуеті орасан зор”, – деді Ицхак Герцог.

Сонымен қатар Израиль Президенті Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылу және Бейбітшілік кеңесінің жұмысына атсалысу туралы шешімін қолдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ицхак Герцогтың келіссөзі екі ел делегациясының қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасты.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Израильдің сан қырлы байланыстары ұзақ уақыттан бері жалғасып келе жатқанын атап өтті.

“Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап елдеріміз арасында достық қарым-қатынас орнады. Израиль Мемлекеті Қазақстанның егемендігін алғашқылардың бірі болып мойындады. 1993 жылы дипломатиялық өкілдіктерімізді аштық. Содан бері белсенді саяси диалог қалыптасты. Сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықта елеулі жетістіктерге қол жеткіздік”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, Ибраһим келісімдері өңірлік тұрақтылыққа, сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыруға берік негіз қалайды.

“Өзіңізге мәлім, Қазақстан бұған дейін қабылдаған шешімін ұстанады. Ибраһим келісімдеріне ресми түрде қосылу рәсімін таяу келешекте Астанада ұйымдастыруға болады деп есептейміз. Сонымен қатар жасанды интеллект және цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделіміз. Биыл Қазақстанда Жасанды интеллект және цифрландыру жылы болып жарияланды. Мен бұл мәселеге айрықша мән беремін”, – деді Мемлекет басшысы.

Ицхак Герцог Қазақстан мен Израиль арасындағы әріптестік қарқынды дамып келе жатқанын айтты

“Президент мырза, Қазақстан толеранттылық пен конфессияаралық диалогтың бірегей үлгісін көрсетіп отыр. Сол үшін Сізге алғыс айтамын. Сонымен қатар екі ел арасындағы іскерлік байланыстар мен тауар айналымын арттыруға мүмкіндік мол екеніне назар аударғым келеді. Бұл бағытта нақты шаралар қабылдай аламыз. Атап айтқанда, біз тікелей әуе қатынасын ашуға мүдделіміз. Ол іскерлік және сауда қатынастарына оң ықпал етеді. Бұдан бөлек, екіжақты құқықтық-келісімшарт базасын кеңейтуге ниеттіміз. Қазіргі кезде бірқатар келісім, соның ішінде қосарланған салықты алып тастау туралы уағдаластық пысықталып жатыр”, – деді Израиль Президенті.

Мемлекеттер басшылары өңірлік және халықаралық өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Келіссөз қорытындысы бойынша тараптар тұрақты саяси диалогты жалғастыруға, барлық деңгейдегі ықпалдастықты жандандыруға, сондай-ақ бірлесе күш жұмылдыра отырып серіктестікті жаңа әрі сапалы кезеңге шығаруға келісті.

Қазақстан мен Израиль президенттері Alem.ai Халықаралық жасанды интеллект орталығына барды

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ицхак Герцог Alem.ai орталығының қызметімен танысты. Мұнда таланттарды тауып, оларды даярлаудан бастап ЖИ-шешімдерін әлемге таратуға дейінгі технологиялық дамудың толық циклі жүзеге асырылады.

Израиль Президентіне Қазақстанның жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын экономика мен әлеуметтік саланың басты бағыттарына енгізудегі негізгі жетістіктері көрсетілді.

Сонымен қатар мемлекеттер басшыларына Astana Smart City жобасы туралы мәлімет берілді. Ауқымды бастама аясында елорданың жаңа интеллектуалдық инфрақұрылымы қалыптасады.

Израиль үшін Қазақстанмен қатынас терең әрі стратегиялық сипатқа ие

  • Біріншіден, энергетикалық қауіпсіздік мәселесі. Израиль мұнай импортына тәуелді ел, ал жеткізілімдердің басым бөлігі тарихи тұрғыда Жерорта теңізі бағытында немесе Таяу Шығыстағы әріптестер арқылы жүзеге асқан. Мұндай бағыттар әрдайым геосаяси тәуекелдермен астасып жатады. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан – ОПЕК құрамына кірмейтін, араб әлеміне жатпайтын, саяси тұрғыдан тұрақты мұнай жеткізуші. Бұл Израиль үшін ұзақмерзімді әрі сенімді энергетикалық келісімдер жасауға мүмкіндік береді.
  • Екіншіден, Орталық Азияға шығу мүмкіндігі. Қазақстан – өңірдегі ең ірі экономика және Еуропа мен Азияны жалғайтын маңызды көлік-логистикалық хаб. Қазақстан нарығына орныққан израильдік компаниялар үшін бұл тек бір елмен шектелмейді. Олар Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, тіпті Әзербайжан секілді елдерге жол ашады. Бұл – 80 миллионнан астам тұтынушысы бар, әлеуеті жоғары, әлі толық игерілмеген нарық.
  • Үшіншіден, геосаяси фактор. Қазақстан – Шанхай ынтымақтастық ұйымының мүшесі, Ресей мен Қытаймен тығыз байланыстағы ел. Соған қарамастан, ол әртүрлі геосаяси күштер арасында теңгерімді саясат ұстанып келеді және Израильге қарсы коалицияларға қосылған жоқ. Мұндай ұстаным Израиль үшін маңызды. Егер Қазақстан Авраам келісімдеріне қосылса, бұл бүкіл Орталық Азия елдеріне сигнал болмақ: Израильмен әріптестік орнату – тиімді әрі бұл Ресей немесе Қытаймен қатынасты үзу дегенді білдірмейді.

Қазақстанның ішкі саяси бейнесі де бұл процесте маңызды рөл атқарады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстанда антисемитизм жоқ, иудаизм – сунниттік ислам, православие және католицизммен қатар ресми танылған төрт діннің бірі» деген сөзі кездейсоқ айтылған жоқ. Бұл – елдің өзін көпконфессиялы, толерантты мемлекет ретінде көрсетуі. Яғни Қазақстан ислам әлемі мен Израиль арасындағы диалогқа көпір бола алатын ел ретінде позициясын нығайтып отыр.

Қорыта айтқанда, Израиль үшін Қазақстан – жай ғана серіктес емес. Бұл – энергетикалық тұрақтылық, жаңа нарықтарға жол және күрделі геосаяси кеңістікте өз орнын күшейтуге мүмкіндік беретін стратегиялық тірек.

Ықтимал тәуекелдер

Бірінші қауіп – Иран факторы. Иран Авраам келісімдерін ашық сынап келеді және аймақтағы ықпалды ойыншылардың бірі. Қазақстан Каспий теңізі арқылы Иранмен көршілес әрі экономикалық және транзиттік байланыстары бар. Сондықтан Израильмен қарым-қатынастың күшеюі Тегеранмен арадағы тепе-теңдікке әсер етуі мүмкін. Мәселен, 2026 жылдың сәуірінде Иран Ормуз бұғазын уақытша жауып, мұнай бағасы 100 доллардан асып, нарықтар тұрақсызданған еді. Егер Иран Қазақстанды «израильдік альянстың» бөлігі ретінде қабылдай бастаса, бұл экспорт бағыттары мен логистикаға қосымша қауіп төндіреді.

Екінші мәселе – ішкі қоғамдық пікір. Қазақстан қоғамының бір бөлігі Израильді Газа мен Ливандағы қақтығыстарға байланысты сынға алады, әлеуметтік желілерде Палестинаны қолдайтын көзқарас басым. Билік бұл жағдайды түсінеді, бірақ экономикалық пайда идеологиялық қарсылықтан басым түседі деген есеп бар. Дегенмен нәтиже нақты көрінбесе, яғни алдағы жылдары сауда көлемі 200–300 млн доллар деңгейінде қалып, технологиялық жобалар жүзеге аспаса, қоғамда «бұл қадамның пайдасы қандай болды?» деген сұрақ күшейе түсуі мүмкін.

Үшінші тәуекел – Ресей мен Қытайдың ұстанымы. Екі держава да Қазақстанның Израильмен экономикалық әріптестігіне қарсы емес. Алайда бұл байланыстардың АҚШ-пен стратегиялық жақындасуға ұласып кетпеуін жіті бақылап отыр. Себебі Авраам келісімдері – Вашингтон бастамашы болған жоба. Қазір сөз экономика мен технология туралы. Бірақ егер әскери ынтымақтастық немесе қауіпсіздік инфрақұрылымы күн тәртібіне шықса, Мәскеу мен Бейжіңнің алаңдаушылығы күшеюі ықтимал.

Төртінші тәуекел – басқа мемлекеттердің реакциясы. Әсіресе ислам әлеміндегі елдер мен Таяу Шығыстағы серіктестер Қазақстанның бұл қадамын әрқалай қабылдауы мүмкін. Кейбір мемлекеттер оны прагматикалық саясат деп түсінсе, енді біреулері саяси дистанцияның ұлғаюы ретінде бағалауы ықтимал. Бұл өз кезегінде дипломатиялық қатынастарға, инвестициялық жобаларға немесе аймақтық бастамалардағы өзара сенім деңгейіне әсер етуі мүмкін.

Түркия Израиль президенті Ицхак Герцогты Астанаға алып бара жатқан ұшақтың өз әуе кеңістігі арқылы ұшуына рұқсат бермеді

Түркияның әуе кеңістігі қару тасымалдайтын барлық ұшақтар мен Израильдің ресми делегациялары үшін жабылған. Ал үшінші елдердің тұрақты азаматтық рейстері үшін ашық, сондай-ақ израильдік әуе компаниялары Түркия әуе кеңістігін транзиттік рейстер үшін пайдалана алады.

“Анкараның әуе кеңістігін ашуға бас тартуына байланысты ұшу бағыты өзгертіліп, борт Еуропа мен Ресей арқылы ұшты”, – делінген хабарламада.

Ақпаратқа сәйкес, қалыпты жағдайда ұшақ Түркия, Армения және Әзербайжан арқылы ұшып, жол уақытын едәуір қысқарта алатын еді. Бағыттың өзгеруі салдарынан Тель-Авивтен Қазақстан астанасына дейінгі ұшу шамамен сегіз сағатқа созылған.

Фото: Ақорда

Related Posts

АҚШ Ирандағы соғысқа 25 миллиард доллар жұмсаған

АҚШ Қорғаныс министрлігі Ирандағы соғысқа кеткен шығын шамамен 25 миллиард долларды құрағанын мәлімдеді, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі NPR…

Толығырақ

Үш бала қаза тапқан: Астанадағы өртке әзірге күдікті жоқ

Астанадағы “Көктем-3” тұрғын үй кешенінде үш бала қаза тапқан өртке қатысты күдікті әзірге жоқ, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі….

Толығырақ

Пікір қалдыру

Сіздің поштаңыз құпия сақталады.

Редакция таңдауы

Қазақстанда жаңа Конституцияға байланысты бірқатар заң қабылданады

  • 2 сәуір, 12:39
  • 67 views
Қазақстанда жаңа Конституцияға байланысты бірқатар заң қабылданады

Ақтауда AZAL ұшағының апатынан бір жыл: Толық хроника

  • 25 желтоқсан, 14:43
  • 96 views
Ақтауда AZAL ұшағының апатынан бір жыл: Толық хроника

Мәскеу маңында жасөспірім мектепке пышақпен шабуыл жасаған: Оқиғаның хронологиясы

  • 18 желтоқсан, 13:58
  • 168 views
Мәскеу маңында жасөспірім мектепке пышақпен шабуыл жасаған: Оқиғаның хронологиясы

Мысырда демалу қымбаттамақ: Туристерге жаңа ереже енгізіледі

  • 17 қараша, 14:18
  • 88 views
Мысырда демалу қымбаттамақ: Туристерге жаңа ереже енгізіледі

Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуге мемлекеттік сапармен барды

  • 11 қараша, 18:23
  • 76 views
Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуге мемлекеттік сапармен барды

Атысты тоқтату туралы келісімнен кейін Трамп Израильге барды

  • 13 қазан, 13:30
  • 109 views
Атысты тоқтату туралы келісімнен кейін Трамп Израильге барды