Өскемен қаласында орналасқан “Казцинк” металлургиялық зауытының аумағында апат болып, екі жұмысшы қаза тапты, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
ТЖМ дерегіне сәйкес, шаң сүзу цехындағы құрылғыда газ бен ауа қоспасы жарылып, соның салдарынан өрт шығып, ғимараттың бір бөлігі опырылған. Әлеуметтік желіде жарылыстың видеосы таралып жатыр.
“Оқиға орнына Төтенше жағдайлар қызметі келіп, жұмыс істеп жатыр. Оперативтік штаб құрылды. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар жарылыс болғанын анықтады. Соның салдарынан цехтың бір бөлігі опырылды. Конструкциялардың жанып жатқаны да байқалды”, — деді ШҚО ТЖД бастығы Рашид Блялов.
Өрт оқшауланғаннан кейін құтқарушылар үйінділерді аршу жұмыстарына кірісті. Жалын шарпыған аумақ шамамен 120 шаршы метрді құрады. Оқиға кезінде қауіпті аймақта 32 адам болған.
“Тікелей оқиға эпицентрінде үш адам — аға шебер мен екі жұмысшы болған. Оқиға салдарынан екі адам қаза болып, бесеуі зардап шегіп, медицина қызметкерлеріне тапсырылды”, — деді ол.
Қазіргі уақытта оқиға орнында авариялық-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Оқиғаның себептері тексеру аяқталғаннан кейін анықталады, осы мақсатта арнайы комиссия да құрылмақ.
“Зардап шеккендерге қажетті барлық медициналық көмек көрсетілуде. Оқиға орнында төтенше қызметтер жұмыс істеп, салдарын жою шаралары жүргізілуде. Жан-жақты әрі объективті тексеру жүргізу үшін арнайы комиссия құрылды. Оқиғаның себептері мен мән-жайы тергеу қорытындысы бойынша анықталатын болады”, – деп хабарлады “Казцинк” тау-кен металлургия компаниясының баспасөз қызметі.
Ауа сапасы тексерілуде
Болған оқиғадан кейін Экология департаментінің мамандары атмосфералық ауаның жай-күйін тексеруге кіріскен.
“Өнеркәсіптік аймақ маңында бұлттың пайда болуына байланысты жағдайды нақтылау үшін Экология департаментінің мамандары оқиға орнына шықты. Атмосфералық ауаға шығарындыларды анықтау бойынша қажетті іс-шаралар жүргізіліп жатыр”, — делінген хабарламада.
Өз құзыреті шеңберінде Экология департаменті санитариялық-қорғау аймағының шекарасында атмосфералық ауаның сапасына аспаптық өлшеулер жүргізіп жатыр. Өлшеу нәтижелері қосымша хабарланатын болады.
Олжас Бектенов жарылысты жеке бақылауына алды
Премьер-министр Олжас Бектенов болған жарылысты жеке бақылауына алды.
“Біріншіден, Өскеменде болған жарылысқа қатысты таңертең қажетті тапсырмаларды бердім. Төтенше жағдайлар, Экология министрліктері, облыс әкімдігі қажетті шаралар қабылдап, маған баяндаңыздар. Мәселе менің жеке бақылауымда болады”, — деді Үкімет отырысын ашқан Премьер-министр.
Фото: instagram.com/novosti__uka








