Өскеменде сарбаз Қ.Оспановтың қаза болуына қатысты әскери бөлімнің лауазымды тұлғаларына қарсы қылмыстық іс сотқа жолданды, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Бас әскери прокуратураның мәліметінше, оқиға Өскемен гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде болған. Тергеу барысында батальон және взвод командирлерінің жарғыдан тыс қарым-қатынасқа жол бергені, сондай-ақ қаза тапқан сарбаз бен оның қызметтестеріне психологиялық қысым көрсеткені анықталған.
“Тергеу барысында лауазымды тұлғалардың бірнеше рет жарғыдан тыс қарым-қатынасқа жол бергені, әскери қызметшілерге психологиялық қысым көрсеткені дәлелденді. Сонымен қатар взвод командирі қару-жарақты сақтау тәртібіне тиісті бақылау жүргізбей, қызметтік міндеттерін орындаудан шет қалған. Жиналған дәлелдемелер негізінде билікті асыра пайдалану және қызметке салғырт қарау фактілері бойынша қылмыстық іс сотқа жолданды”, – делінген хабарламада.
Қабылданған шаралар аясында әскери бөлім командирі мен оның екі орынбасары қызметінен босатылып, тағы 9 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
“Тергеу барысында қажетті сараптамалар жедел жүргізіліп, қылмысқа қатысы бар барлық тұлғалар анықталған. Сонымен қатар әскери қызметшілердің қаза болу деректерін тергеу тәсілдері жетілдіріліп, тиісті органдар арасында сараптамаларды жедел жүргізуге бағытталған меморандумға қол қойылған”, – деп мәлімдеді ведомство.
Фото: gov.kz








