Қазақстанда АЭС (атом электр станциясын) салу үшін Ресейден мемлекетаралық несие тарту жоспарланып отыр. Бұл туралы Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Сәтқалиевтің айтуынша, АЭС құрылысының қаржыландыруға қатысты Қазақстан мен Ресей мемлекетаралық несие тетігін пысықтап жатыр.
“Бірінші келісім — тікелей атом станциясын салуға қатысты, ал екінші келісім — ресейлік тараптан қаржыландыру ұсынуға арналған. Әңгіме 85 пайызын несие ретінде бөлу, 15 пайызын Қазақстан Үкіметі тарапынан қаржыландыру туралы болып отыр. Бұл құжаттар жоғары дайындық деңгейінде”, — деді ол.
Жобаның түпкілікті құны жобалау жұмыстары аяқталғаннан кейін анықталады. Агенттік төрағасының айтуынша, алдын ала есеп бойынша, әрқайсысының қуаты 1200 мегаватт болатын екі энергоблок үшін шамамен 15 миллиард долларды құрайды.
“Барлығы жоспар бойынша жүріп жатыр. Балқаш маңындағы алғашқы алаңда, Үлкен кентінің жанында жобалау-іздестіру жұмыстары толық аяқталды”, – деді Сәтқалиев.
Ол сондай-ақ жобалау жұмыстары орта есеппен 5–7 жылға, ал құрылыс 10–15 жылға созылатынын айтты.
Сонымен қатар агенттік басшысы Қазақстанда ұлттық атом холдингін құру жоспарланып отырғанын жеткізді. Ол барлық АЭС-тердің иесі болып, оларды пайдалану және қызмет көрсету жұмыстарымен айналысады деп күтілуде.
“Бұл атом энергетикасын дамытуға және жергілікті үлесті арттыруға бағытталған әртараптандырылған компания болады”, — деп нақтылады ол.
Фото: depositphotos.com








