Қазақстан Ұлттық банкі ескі үлгідегі банкноттарды айналымнан шығару мерзімі жақындағанын мәлімдеді, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
2026 жылғы 24 маусымда ескі үлгідегі 2000 теңгелік банкноттарды пайдалану мерзімі аяқталады.
“2026 жылы 2000 теңгелік банкноттар үшін қатар қолданылу кезеңі аяқталады – ол 2024 жылғы 25 желтоқсаннан 2026 жылғы 24 маусымға дейін жалғасады”, – деп еске салды Ұлттық банк өкілдері.
Бұған дейін 2026 жылғы 27 маусымда ескі үлгідегі 10 000 теңгелік купюра да айналымнан шығарылады деп хабарланған еді. Алайда қаржы реттеушісі бұл мерзімді тағы бір жылға ұзартты.
“10 000 теңгелік банкноттардың қатар қолдану мерзімі бір жылға – 2027 жылғы маусымға дейін ұзартылғанын хабарлаймыз”, – делінген ресми жауапта.
Егер азаматтар ескі купюраларды белгіленген мерзімге дейін жұмсап үлгермесе, оларды екінші деңгейлі банктерде және “Қазпошта” АҚ бөлімшелерінде айырбастай алады.
“Айналымдағы қатарлас кезең аяқталған соң да барлық банктер мен «Қазпошта» АҚ ескі үлгідегі банкноталарды жаңа үлгідегі ақшаларға тағы 3 жыл бойы, ал Ұлттық Банктің филиалдары – мерзімсіз айырбастайтынын еске салғымыз келеді. Жаңа және ескі үлгідегі банкноталар айналымда қатар болған кезеңде заңды төлем құралы болып қала береді, олар өз құнына сай ҚР бүкіл аумағында төлемдер мен аударымдарда, банк шоттарына есептеуде қабылдауға жатады”, – деп хабарлады Ұлттық банк.
Ұлттық банк түсіндіруінше, қазір “Сақ стилі” банкноталарының жаңа сериясын кезең-кезеңімен шығаруды жалғастырады. 2026 жылдың соңына шығару жоспарланған 20 000 теңгені есепке алмағанда, барлық номиналдағы банкноталар айналымға шығып болды.
Фото: depositphotos.com








