Атырау облысы Жангелдин ауылында болған жағдайға байланысты отбасы мүшелерінің қашан өлтірілгені белгілі болды, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Сот медициналық сараптамасында және тергеу барысында анықталған дәлелдерге сәйкес Наурыз Мұқанғалиевтің 2025 жылдың мамыр айында қайтыс болғаны анықталды. Ал қалған үшеуі қараша айында көз жұмған.
“Барлық жәбірленушінің денесінен ас үй пышағымен тесілген дене жарақаты анықталды. Жарақаттың саны алты және одан да көп. Кесілген және тесілген дене жарақаттары өлімге себеп болған”, – деп мәлімдеді Атырау облысы прокурорының көмекшісі Жандар Болатбек.
4 азаматтың өліміне күдікті деп танылған Сұлтан Сарсемалиевке жүргізілген сараптаманың нәтижесінде оның ақыл-есі дұрыс екені белгілі болды.
Ал оның әйелі Ақбаян Мұқанғалиеваның психикалық жай-күйіне тағайындалған сарапта әлі жүргізіліп жатыр. Ол қазір Алматы облысындағы арнайы орталықта жатыр.
“Ақбаян Мұқанғалиева қатысты қорытынды шыққан жоқ. Ол күдікті ретінде танылған. Бұлтартпау шарасы қабылданған жоқ. Іс-әрекеті сараланған жоқ. Сараптама бір ай көлемінде жүргізіледі. Ол уақыттан да ұзарып кетуі мүмкін”, – деді облыс прокурорының көмекшісі Жандар Болатбек.
Қылмысты жасауға отбасылық жанжал себеп болған. Ақбаянның жақындары мен Сұлтан Сарсемалиевтің арасында кикілжің болған. Қазіргі уақытта бұл қылмысқа басқа тұлғалардың қатысы анықталмаған.
Сұлтан Сарсемалиев желтоқсан айында шекара асып өткен. Яғни, қылмыс туралы хабарланған кезде ел аумағында болмаған.
“Шекарадан заңды өткен. Шекара қызметшілерінің тарапынан ешқандай заңбұзушылық анықталмады”, – деп толықтырды прокуратура өкілі.
Айта кетейік, күдікті Сұлтан Сарсемалиевке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 99 бабы 2 бөлігінің 1 тармағына сәйкес, яғни екі және одан да көп адамдардың өлімі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Сондай-ақ мал сату, карталарды жымқыру сынды деректері бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188 және 190 бабы бойынша қосымша қылмыстық іс тіркелді.
Прокуратура өкілдерінің сөзінше, қылмыстық іс жан-жақты тергеп тексеріліп жатыр. Күдіктілердің іс-әрекетіне тағайындалған барлық сараптама қорытындысы шыққаннан кейін анықталған барлық мән-жай зерделеніп, құқықтық баға беріледі. Содан кейін ғана нақты айып тағылады. Әзірге істің сотқа қашан жіберілетіні белгісіз.
Фото: Видеодан скрин








