Қазақстанның Ұлттық банкі базалық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдады, деп хабарлайды +7.kz ақпарат агенттігі.
Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 18,0% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады.
Ұлттық банктің мәліметінше, наурыз айында жылдық инфляция 11,7 пайыздан 11 пайызға дейін баяулаған. Инфляцияның төмендеуіне ақша-несие шарттары, валюта бағамының оң динамикасы, тұтынушылық сұраныстың тұрақтануы, оның ішінде тұтынушылық несиелеу қарқынының бәсеңдеуі, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық қызметтер, жанар-жағармай және өзге де бағалардың өсуіне енгізілген мораторий мен үкіметтің басқа да антиинфляциялық шаралары ықпал еткен.
“Қазіргі дезинфляциялық үдерістерге тұтынушылық сұраныстың біртіндеп қалыпқа келуі, соның ішінде бөлшек несиелеудің баяулауы әсер етуде. Мұндай динамика қалыпты қатаң ақша-несие шарттарының сақталуы және артық өтімділікті қысқартуға бағытталған шаралардың жүзеге асырылуы аясында қалыптасып отыр. Олардың ішінде ең төменгі резервтік талаптарды арттыру және айналық операциялар бар. Сонымен қатар теңге бағамының нығаюы да дезинфляцияға қолдау көрсетуде”, — деп хабарлады Ұлттық банк.
Реттеушінің айтуынша, қалыптасып отырған дезинфляциялық динамиканы әрі қарай бекіту қажет.
“Ұлттық банк инфляцияның төмендеу қарқынын, ішкі сұраныс динамикасын, фискалдық консолидацияның нақты орындалуын, квазифискалдық ынталандыру параметрлерін және реттелетін бағаларды, сондай-ақ сыртқы экономикалық ахуалды және оның инфляциялық үдерістерге әсерін бағалауды жалғастырады. Қазіргі үрдістер сақталып, жаңа күйзелістер болмаған жағдайда, Ұлттық банк алдағы шешімдер шеңберінде базалық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігін қарастыруға дайын болады”, — деп толықтырды реттеушінің баспасөз қызметі.
Базалық мөлшерлеме — Ұлттық банктің ақша-несие саясатының негізгі құралы. Ол банктердің қандай пайызбен қарыз ала алатынын көрсетеді және халық пен бизнес үшін несиелер мен депозиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелерге тікелей әсер етеді.
Фото: Ұлттық банк








